365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда алғаш рет смарт-мектеп ашылды

  • 725
  • UPD: 18:01, 01.09.2018

Ақтауда тұңғыш смарт-мектеп қолданысқа берілді.

Бүгін алғашқы қоңыраудан соң 1800 оқушы озық технологиялармен жарақтанған осы мектептің оқу сыныптарына жайғасты. Заманауи үлгідегі білім ордасы мультимедиялық кабинеттер, жаһандық талаптарға сай футбол алаңы және ақылды жылыжаймен жабдықталған.

Талғат Исламұлы, twitter@Talkin_84

– Ақылды технологияларды смарт-мектепке кірген сәттен бастап көруге болады. Мәселен, мына қос құрылғы бейджик таққан оқушының білім ордасына кірген-шыққан уақытын ата-анасына смс-хабарлама түрінде жіберіп тұрады. Бұл үшін арнайы мобильді қосымшаны ұялы телефонға жүктеп алу қажет. Бұдан басқа кіреберіс дәліздегі цифрлық ақпарат терминалының өзіңізге қажет мәліметтерді табасыз. Мұнда оқушы сабақ кестесімен танысып, әр пәннің қай сыныпта өтіп жатқанын көре алады.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ашылған мектептің өзгелерден артықшылығы көп. Мұнда оқушылар жасанды интеллект, смарт-технологиялар, болашақ энергетика жобаларымен танысып, киберфизикалық жүйелерді интеграциялауды меңгереді. Дәріс кезінде оқулықтан бөлек түрлі гаджеттердің кең қолданылуы оқушыларды қуантып отыр.

Ақнұр Үйсінбаева, оқушы:

– Әр оқушының қолында ноутбук болады деп айтылды. Сол себептен біз жаңа технологиялармен дәріс аламыз деп ойлаймын. Біздің болашағымыз жарқын және білімді ұрпақ болып өсуімізге бұл мектеп үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын.

Қарақат Сағынғали, оқушы:

– Ақылды мектеп екені қуантады. Ақылдылығы сонша, тіптен есік алдында смарт-құрылғы тұр. Тәртіп бір жағынан. Өте қуаныштымын. Себебі жаңа сыныптастар, жаңа мектеп.

Смарт-мектеп оқушылары дәрістен бос уақытын «STEM» зертханада өткізе алады. Мұндағы сабақ төрт кезеңнен тұрады. Жеткіншектер бұл жерде инженерлік сала, компьютерде бағдарлама жасақтау, робототехникаларды құрастыру мен 3D модельдеуді үйренеді. Яғни бүгінде сұраныс жоғары мамандықтарды мектеп қабырғасында жүріп меңгереді.

Марат Атаназаров, инженер-педагог:

– Бұл мамандықтар қазіргі таңда өте қажет. Сондықтан да жастар осы жаңа технологияларды меңгеруі қажет. Оқушылар алдымен инжинирия саласын меңгеріп бастайды. Қолмен жұмыс істеп, құрастырып әрі қарай бағдарламалар құрып бастайды. Одан әрі 3D модельдерінің бөлшектерін құрастырады. Осылай өз шығармашылығын дамытып, жұмыс жасайды.

Ақтаудағы ең алғашқы ақылды білім ордасы смарт жылыжаймен де қамтылған. Автоматты түрде жұмыс істейтін кешенде «Ботаникалық бақтан» алынған өсімдік тұқымдары егілген. Олар келер жылы мектеп ауласына отырғызылады. Ал емдеу-сауықтыру кабинетіндегі педагог-маман арнайы жаттығулар жасату арқылы балаларды майтабан, омыртқа жотасы қисаюынан қорғануға баулиды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Осы категория бойынша: « Мемлекет басшысы Астанадағы №85 мектеп-лицейіне барды Жамбыл облысында жаңа 9 мектеп қолданысқа берілді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы