383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда дарынды оқушылар марапатталды

  • 102
  • UPD: 15:18, 12.06.2019
Таразда дарынды оқушылар марапатталды

Таразда халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

2018-2019 оқу жылында жамбылдық оқушылар 130 медаль иеленген. Оның 29 алтын жүлде. Ұшқыр ойы, терең білімімен ерекшеленген 94 жеткіншекке облыс әкімінің алғыс хаты және 100 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Мәселен, Әділет Тұртемір Канаданың Торонто университеті ұйымдастыратын жыл сайынғы пән олимпиадасына қашықтықтан қатысып, екінші жыл қатарынан жүлдегер атанды. Ол биология пәні бойынша әлемнің үздік 10 оқушысының қатарына еніп отыр. Ал ол оқитын дарынды ер балаларға арналған білім-инновация мектеп-интернаты үздік бес білім ошағының қатарында.

Әділет Тұртемір, жас түлек:

- Болашақтағы мақсатым – биология ғылымдарын терең зерттеп, әрі қарай сол жолды жалғастыру. Кореяға университетіне оқуға түстім. Сол жақта әрі қарай жобаларды жалғастырамыз.

Жәмила Бекбатырова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Дарынды балаларға арналған тереңдетіп оқытатын мамандандырылған 5 мектеп-интернат жұмыс істейді. Сондай-ақ жаратылыстану-математика ғылымдарын тереңдетіп оқыту мақсатында 11 мектеп-лицейі ашылды. ІТ лицей-интернаты ашылды. 14 ІТ сыныбы ашылды. Осының нәтижесінде біздің облыстың оқушылары өздерінің жетістіктерін республикалық көлемде көрсетіп, республикалық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанды.

Хабар 24 телеарнасы