386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украина жыл сайын қазақстандықтар үшін 40 орындық мемлекеттік грант бөледі

  • 107
  • UPD: 10:09, 19.08.2019

Қазақстан мен Украинаның білім және ғылым министрлігі арасындағы ынтымақтастық аясында екі ел студент алмасып отырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білім саласындағы меморандум негізінде Украина жыл сайын Қазақстан азаматтары үшін 40 орындық мемлекеттік грант бөледі. Қазақстанның жастарын мұнай және газ, инженерлік сала, халықаралық қатынастар және компьютерлік білім қызықтырады.

Қазақстан мен Украина арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық келісімі 2010 жылдан бері орнады. Украина жыл сайын Қазақстан азаматтары үшін 40 мемлекеттік грант бөліп отырады. Қазақстан да Украина үшін бакалаврға 30, магистрге 10 орын ұсынады. Қазақстандық талапкерді көптеп тарту үшін биыл Украинаның білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері «Болашақ» бағдарламасы ұйымдастырған білім жәрмеңкесіне қатысыпты. «Мұндай білім жәрмеңкесі Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Шымкент, Атырау, Алматы қалаларында ұйымдастырылған. Ортақ істен ұттық», - дейді украиндық мамандар.

Елена Шаповалова, Украинаның халықаралық білім беру мемлекеттік орталығының басшысы:

- Қазақстанға жақсы барып келдік. Онда ұйымдастырылған оқу жәрмеңкесі аясында Украинаның оқу орындарына қызығушылық білдірген қазақстандық балаларды көрдік. Оларға ерекше ұнаған мамандық түрі де сан алуан. Мысалы, Шымкенттегі талапкерлер мұнай мен газ саласына көптеп қызықса, Алматы мен Астана студенттері экономика, халықаралық қатынас, филология және құқық саласына ықыластық танытты.

Мемлекеттік гранттан бөлек, Украина ЖОО-ның ақылы бөліміне де түсуге ынта білдірген қазақстандық талапкердің саны артқан. Оқуға қабылдау науқаны әлі жүріп жатыр, сондықтан студенттердің нақты саны әлі белгілі емес.

Елена Шаповалова, Украинаның халықаралық білім беру мемлекеттік орталығының басшысы:

- Біз әлі талапкер қабылдауды жалғастырып жатырмыз. Шетелдік студенттер жылына 2 рет: қараша және наурыз айында оқуға түсе алады. Талапкерлердің саны биыл артқанын байқаймыз. Бүгінгі күнге дейін Қазақстаннан 100-ге жуық адам Украинаның ЖОО-ға түсуге өтініш білдірген. Ал Украинаның мемлекеттік грантын жеңіп алған жастардың саны биыл жетіге жетіп отыр.

Қазақстандық студенттерді Украина жоғарғы оқу орындарындағы білім сапасымен қатар баға да қызықтыратын көрінеді. Еуропа елдерімен салыстырғанда мұндағы оқу 3-4 есеге дейін арзан келеді. Жылына шамамен 1500-4500 долларды құрайды. Медицина саласындағы оқу әдетте ең қымбат болып келеді.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы