399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық мұғалімдер онлайн оқыту жүйесін таңдаған

  • 167
  • UPD: 15:48, 06.04.2020

Елордалық 182 мың оқушы төртінші тоқсанды үйде отырып оқиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалада 117 жалпы білім беретін орта мектеп бар. Мұғалімдер онлайн сабақ беру форматын таңдаған. Бала үйде болғандықтан, ендігі қадағалау тікелей ата-ананың мойнында. Мамандар «жолай болатын қиындықтар уақытында еңсерілсе, соңғы тоқсан 25 мамырда аяқталады», деп болжап отыр.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Елордадағы №54 мектеп-лицейі. Білім ошағы қашықтан оқытуға әбден дайындалған. Мектеп әкімшілігі Google-дың пайдалы платформаларын кәдеге жарату арқылы еліміз үшін тың жүйені меңгермек ниетте. Мүмкіндік зор. Бүгін бейнеконференция, Google-диск және кері байланыс қызметтері сыналды.

Шәкәрім Сейсенбай, №54 мектеп-лицейінің директоры:

Біз екі жыл бұрын джисуитті енгіздік мектебімізде. Ол бізге корпаративті почта мүмкіндігін берді. Біз сол уақытта мұғалімдерімізге осы мәдениетті енгізе бастадық. Ал енді мынадай қиын жағдай болған кезде, қашықтан білім беру керек кезде біз ешқандай қиналған жоқпыз. Осы дайын платформамыздың ішіндегі Google-дың басқа қосымшаларын қолданамыз.

Жалпы білім беретін 117 мектеп қашықтан оқытуға көшті. Елордалық мұғалімдер онлайн оқыту жүйесін таңдаған. Оған еш кедергі жоқ. Жоғары жылдамдықтағы интернет қолжетімді. Тек 600-ден аса оқытушы мен 6500 балада компьютер болмаған. Барлығы да қажет жабдықпен түгел қамтылды.

Шолпан Қадырова, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Ең бірінші мен ойлаймын, ол кедергі емес, мүмкіншілік. Ұстаз болған соң қай жағдайда да оқушыға сапалы білім беру керек. Осындай жағдай болып жатқанда мұғалім өзінің барлық тәжірибесін, білімін қашықтан үйрету керек. Бұл жағынан тек мұғалім емес, ата-ананың да қолдауы керек бізге.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Біз келген №54 мектеп-лицейде ата-аналарға арналған нұсқаулық әзірленген. Қордаланған сұрақтар күн сайын әлеуметтік желідегі тікелей эфирде талқыланады.

Шәкәрім Сейсенбай, №54 мектеп-лицейінің директоры:

- Бізде кездесуі мүмкін қиыншылықтар бар. Кейбір мұғалімдер жаңадан үйреніп жатыр. Ақпараттарды басқа жерге салуы мүмкін. Сондай шатасулар болып қалуы мүмкін. Бірақ әкімшілік қадағалап отырамыз. Тексеріп отырамыз.

Қашықтан білім берудің тың әдісі – телесабақтар. «Әсіресе, бастауыш сыныптар үшін бұл кәделі бастама болды», - дейді мамандар. Ал сабақтан соң онлайн кездесу өткізіп, әр баламен жеке жұмыс жүргізіледі. Қазір мектептер бос, жаңа оқу жылында оқушы мен мұғалім оффлайн жүздесуге сенімді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Азамат Сәметов

Хабар 24 телеарнасы