360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміз бензин экспорттауы мүмкін

  • 872
  • UPD: 11:15, 03.10.2018

Өткен айда азық-түлік бағасы айтарлықтай қымбаттаған.

Бұл мәселе күні кеше Үкімет үйінде көтерілген еді. Ал жауаптылар әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбаттамайды, қордағы жеткілікті деп сендірді. Сонымен, қай тауардың құны өсті?

Ұлттық экономика министрлігінің таратқан соңғы мәліметтерге қарағанда, азық-түліктің бағасына қатысты қатты өзгеріс жоқ. Десе де кей заттар қымбаттаса, кейбірі арзандаған.

Азық-түлік бағасы қымбаттады

Қыркүйекте жұмыртқа мен құс еті қымбаттады. Бір айдың ішінде жұмыртқа – 7,1%, құс еті – 4 %, ал жылқы еті 1,7% қымбаттады. Мал өнімдерімен бірге сүт өнімдерінің бағасы да біртіндеп өсіп жатыр. Жаздан бері қиярдың бағасы 3,1% қымбаттағаны болмаса, басқа көкөністер әзірге арзандатылған бағамен сатылуда.

Елорданың тұрақтандыру қорында 546 тонна азық-түлік бар

Астана қаласының тұрақтандырма қорында нарықтағы бағадан 15-20%-ға төмен сатылатын 500 тоннадан астам әлеуметтік маңызды азық-түлікті бар. Қала әкімдігі 285 млн теңгеге 3 жарым мың тонна өнім сатып алған. Тұрақтандыру қорының өнімдері шаһардың әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары және сауда желілері арқылы нарықтағы бағадан 15-20% төмен сатылады. Қазір қордағы өнім көлемі 546 тоннаны құрайды. Оның 285 тоннасы күріш, 200 тоннасы қант болса, тағы 62 тонна қарақұмық жармасы сақталған.

Каспий құбыр желісі консорциумы мұнай экспортын ұлғайтты

Каспий құбыр желісі консорциумы мұнай экспортын ұлғайтты. Өндіріс орны жыл басынан бері 44 млн тонна мұнай экспорттады. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,44% артық. Ал қыркүйекте 4 жарым млн тонна қара алтын өндірілді. Естеріңізге сала кетейік, Каспий құбыр консорциумы шикізатты транзиттік аймақ ретіндегі Ресей аумағы арқылы экспорттау үшін құрылған. Оның иелігіндегі 1 жарым мың шақырымға созылып жатқан Теңіз – Новороссийск құбыры еліміздің батысындағы мұнай кеніштерін Қара теңіз жағалауларымен байланыстырады.

«Қашаған» тәулігіне 370 мың баррель мұнай өндіреді

Қашаған кен орны тәулігіне 370 мың баррель мұнай өндірілетін болады. Теңізде жүзеге асырылып жатқан өте ауқымды әрі жоғары интеллекуталды жоба кен орнынан жылына 12 миллионнан 39 млн тоннаға дейін мұнай өндіруге мүмкіндік береді.

Біз Қашағанда таяу уақытта күніне 370 мың баррельге дейін мұнай өндіруге қол жеткізуге ниеттіміз. Қарашығанақта жоспарланып отырған газды өндірістік шектеуді алып тастаумен байланысты инвестициялық жобаны жүзеге асыру мұнан кейінгі жылдарда мұнай өндірудің жоғары деңгейін ұстап тұруға септігін тигізеді.

Еліміз бензин экспорттауы мүмкін

Еліміз жақын уақытта көрші елдерге бензин экспорттай бастайды. Бұл туралы Энергетика министрі мәлім етті. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бұған мұнай өндіру жұмыстарының артуы мен ішкі нарықтағы жанар-жағармайдың артылып қалу сеп болып отыр. Министр көрші елдермен келісімшарт жасалғаннан кейін артық бензин экспортқа шығара аламыз деген болжам айтты.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Елді отандық мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге ұмтыла отырып біз Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырттық. Жаңғырту нәтижесінде жергілікті нарықты отандық жанармаймен 100 пайыз қамтамасыз ету мүмкіншілігіне қол жеткіздік. Зауыттарымыз К-4 және К-5 экологиялық стандарттарына сай келетін жанар-жағармай материалдарын өндіретін болады. Енді мегаполистер мен өңірлердің экологиясына жүктеме азаяды.

Қ.Бозымбаев мұнай бағасына болжам жасаудан бас тартты

Қазақстан қара алтын өндіріп, экспорттап отырған ел болғандықтан мұнай бағасының өсуі бізге тікелей әсер етеді. Сондықтан жауапты министр Қанат Бозымбаев мұнай бағасының неліктен өсіп жатқанын түсіндірді. Оның айтуынша, қара алтын құнына ОПЕК-тің мұнай өндірісін қысқарту туралы шешімі оң әсер етуде. «Әрі мұнай экспарттаушы мемлекеттер ірі державалардың санкциясына ілігуі де қара алтын құнының өсуіне әкеп соққан», – дейді министр. Егер бұл жағдай әрі қарай жалғаса берсе, мұнай бағасы өсуін тоқтатпайды. Бірақ Бозымбаев мұнай бағасының қай деңгейде тұрақтайтыны жөнінде болжам жасаудан бас тартты. Ал дәл қазір Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 85 доллар тұрады. Бұл Қазақстан сияқты экономикасы шикізатқа тәуелді елдер үшін өте тиімді болмақ.

Қазақстан қор биржасынадағы соңғы ақпармен бөлісейін. Төл теңгеміз нығайды. Бір доллар 361 теңге 49 тиынды құрады. Ал ақша айырбастау бекеттерінде АҚШ валютасы 364 теңгеге саудаланып жатыр.

ҚР БҒМ: Астанада жылына 15 мектеп салу керек

Астанада жыл сайын шамамен 15 мектеп салынуы керек. Себебі соңғы жылдары бүлдіршіндер саны көбейген. Сондықтан сұраныс бірнеше есе артқан. Бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр. Соның бірі – көші-қон мәселесі. Былтыр елордаға шамамен 80 мың адам қоныс аударған. Оның 17 мыңы балалар. Бұл жағдай мектептерге қосымша жүктеме түсіріп отыр. «Ал мәселені шешу үшін жыл сайын шамамен 15 мектеп салынуы керек», – дейді Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова. Ал жаңа білім ордаларын салу үшін инвесторларды ынталандыру қажеттігін тілге тиек етті.

Авторы: Әсел Тұмашқызы

Хабар 24 телеарнасы