388,93 435,25 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда дизель отынының бағасы 192,4 теңгеге жетті

  • 1280
  • UPD: 12:18, 02.11.2018

Қазақстанда да дизель отыны қымбаттады, деп хабарлады «Хабар 24» тілшісі.

Қазір отын бағасы – 192,4 теңге. Бұл – ел тарихындағы айрықша өсім.

Энергетика министрлігіндегілердің сөзіне сенсек, баға қараша айында қайта арзандайды. Бүгінде 5 ірі желі бағамды ауыстырып үлгерген. Бағаның бұлай құбылуына күзгі орақ маусымының қызған шағындағы шығындар себеп болған. Жалпы, елімізде орташа баға 2013 жылдан бері ауысып келеді.

Мұнай өндіру көлемі 104 млн тоннаға жетеді

2025 жылға дейін Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 104 млн тоннаға жеткізіледі. Ал 2019 жылы 4-мұнай өңдеу зауыты салынуы ықтимал. Қазір елде 330 мың тонна қара алтын қоры бар. Ендігі мақсат – импортты азайтып, экспортты еселеу. Сәл кейін шегінсек, өткен жылы еліміз мұнай сатудан 26,6 млрд доллар тапты. Бұл – жалпы әлемдік мұнай табысының 3,2 пайызы. «Нарық.кз» сайтының хабарлауынша, Қазақстан мұнай пайдасы бойынша 10-орында тұр. Көшті Сауд Арабиясы бастайды. Мұндағы табыс – 133,6 млрд доллар.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Еліміздің мұнай өндірісінің драйверлері әдеттегідей үш ірі мұнай-газ жобасы – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған болып отыр. Аталмыш жобалар орта мерзімді уақытта елдің экономикалық өсіміне айтарлықтай үлес қосуға мүмкіндік береді. Мұнай өндіру көлемі 2025 жылға қарай да өсетін болады және жылына 104 млн тонна деңгейіне шығады. Ол үшін барлық үш кен орнында одан әрі кеңейту және өндіруді ұзарту жобалары жүзеге асырылуда.

Сапалы аяқ киімге сұраныс бар ма?

Өзге де тақырыпқа ойыссақ. Отандық аяқ киім өндірушілері ел нарығын толық қамти алмайды. Өткен жылы сұраныс 1,9 пайызға өтелсе, биыл 2,4 пайызды көрсетті. Қазақстандағы 14 кәсіпорын жылына 1,5 млн жұп аяқ киім шығарады. Қой мен бұзау терісінен ғана тігілетін сапалы өнімнің бағасы да қол жетімді. Дегенмен ел тұрғындары түрлі сападағы шетелдік өнімдерді кигенді жөн көреді. Елімізге жылына 50 млн жұп аяқ киім импортталады. Өнімін экспорттайтын да кәсіпкерлеріміз жоқ емес. Қалай десек те отандық өнімнің үлесі азайып келеді. 8 айда елімізде 632 мың жұп аяқ киім тігілген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға төмен көрсеткіш. Енді отандық өнімді дамыту бағытында аяқ киім өндірушілерінің одағы құрылады.

Акциялардың 15 пайызы сатылымға қойылады

Ал «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының акциялары IPO аясында Лондон қор биржасы мен Астана халықаралық қаржы орталығында сатылатын болады. «Самұрық-Қазына» аталған компанияның 15 пайыз акциясын сатылымға қоймақ. Бұл – 38 млн 903 мың 491 акция. Оның әрбірі шамамен 11,6-16,4 доллар аралығында болады. Бұл компанияға қосымша 3-4 млрд доллар кіріс әкеледі. Айта кетерлігі, компания акциялардың 25 пайызына дейін сатуға құқығы бар.

Шығыс Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстары бюджеттің ашықтығы бойынша көшбасшы атанды. Ал Алматы облысында көрсеткіш төмен. «Zertteu Research Institute» қоғамдық қоры мұндай бағалауды әр екі жыл сайын өткізеді.  Динамикаға көз салсақ, 2015 жылдан бері Алматы облысы өз көрсеткішін 26 ұпайға төмендеткен. Ал Павлодар облысы 22 ұпайлық өсімге ие.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы