386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Смартфондар сатылымы 2,5% азаяды

  • 364
  • UPD: 10:17, 05.08.2019

АҚШ президенті Дональд Трамп Ұлыбританияның Солсбери қаласында тыңшы болған Сергей Скрипальдың ісіне байланысты Ресейге қарсы санкция енгізу туралы қаулыны бекітті.

Мұндай шешімге не түрткі болды? Экономикаға әсері қандай?

Құжат 1991 жылы қабылданған Химиялық және биологиялық қару шығарушы мемлекеттерді қадағалау туралы заңға сәйкес әзірленді. Шектеулер талабы жайлы сәлден кейін баяндаймын.

АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциясының екінші пакеті 19 тамызда күшіне енеді. Бұл туралы елдің мемлекеттік департаменті хабарлады. Естеріңізде болса, экс-тыңшы Сергей Скрипаль мен оның қызы Ресейде жасалған «Новичок» қуатты химиялық қаруынан уланған болатын. Бірақ ресейліктер кінәні мойнына алмаған. Бұған дейін санкцияның алғашқы пакеті күшіне енгенде мұндағы биржада өнімдер бағасы санаулы минуттарда-ақ 2% төмендеп кетті. АҚШ-тың кезекті санкциясымен Вашингтонның Мәскеуге көрсетіп отырған қаржылық көмегіне тыйым салынуы мүмкін. Яғни қаулы халықаралық ұйымдардың Ресейге несие беруіне және америкалық-ресейлік банктер арасындағы байланысқа қарсы бағытталмақ. Ал шектеулер туралы ұсынысты шілдеде қос демократ – Элиот Энгель мен Майкл Макколл білдірген. Олар Британияда болған жағдай қайталануы мүмкін деп болжайды. Айта кетейін, АҚШ соңғы жылдары Ресейге бірнеше мәрте санкциялар пакетін енгізген.

Шектеулер бір жылға жалғасады. Бірақ АҚШ мемлекеттік департаментінің басшысы Морган Ортагустың айтуынша, санкция алынуы үшін ресейліктер химиялық қаруды қолданбайтыны туралы кепілдік беруі тиіс. Мұны халықаралық инстпекторлар бақылауы керек. Ал Солсберидегі оқиғадан зардап шеккендерге өтемақы төленуі қажет. Алайда жоғарыда айтқанымдай, Ресей тарапы оқиғаға жауапты еместіктерін жеткізген.

Смартфондар сатылымы 2,5 процентке азаяды

Күншығыста басталған сауда соғысы да экономикаға кері әсерін беріп жатыр. Мысалы, оңтүстіккореялық Samsung Electronics компаниясының кірісі бірінші жартыжылдықта екі есеге құлдыраған. Таза табыс 4,4 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 53% төмен. Сатылым 47 млрд долларға азайып кетті. Жалпы сарапшылар әлемдегі смартфондар сатылымының төмендейтінін болжап отыр. Gartner компаниясы өкілдеріне сенсек, биыл гаджеттер 1,5 млрд данаға аз сатылады. Бұл – жалпы өнімнің 2,5 проценті. Әсіресе, Жапониядағы көрсеткіш 6,5% азаймақ. Батыс Еуропада да жағдай осындай. Өнім 5,3%, АҚШ-та 4,4% аз сатылуы керек. Бұған қымбат баға ғана емес, гаджеттің жаңа модельдерін шығаруға деген құлықсыздық себеп болады. Қазір Африка мен Таяу Шығыста сатылым көрсеткіші жоғары. Айта кетейін, келер жылы смартфондар нарығы қайтадан белсене түседі. Өсім 2,8% жетеді.

Мақсат – тоқсан сайын 100 мың көлік шығару

Tesla компаниясы үшін бұл жартыжылдық сәтті аяқталды. 95 200 көлік сатылған. Шығын 408 млн долларға жетті. «Шығын шықпай кіріс кірмейді» дейді. Бірақ компания өкілдеріне бұл салмақ саларлық қаржы болмаған сияқты. Жіктей кетейін, 117 млн доллар қайтақұрылымдау жұмыстарына жұмсалды. Биыл 360 мыңнан 400 мыңға дейін көлік электромобиль шығарылуы тиіс. Межеге жету үшін компания тоқсанына 100 мың көлік шығаруы керек. Бұған Шанхайдағы зауыттың іске қосылуы, сондай-ақ Фримонттағы кәсіпорынның өндіріс көлемін арттыру арқылы қол жеткізіледі. Болжам бойынша, үшінші тоқсанда кіріс бола қоймас, бірақ жыл нәтижелі аяқталуы керек. 2020 жылдың күзінде Y модельді шағын кроссовер нарыққа шығады.

Халық Файнанс сарапшыларының пікірінше, күзде елімізде баға шарықтауы мүмкін. Әсіресе, азық-түлік алу үшін біраз шығындалуымызға тура келеді. Оның үстіне жыл басынан бері нан және нан өнімдері мен жарма үшін 8,8, жеміс-жидек, көкөністерге 8,9, етке 7 процентке қымбаттаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 процентке артық. Сарапшылар ТҮКШ үшін қазақстандықтар көп қаржы жұмсап келеді. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9 процент шамасында ұстап тұрса да, жартыжылдықта біраз ауытқушылық болғаны рас. Көрсеткіш 10% асып кетсе, базалық мөлшерлеме де сақталмайды. Десе де мамандар инфляцияның жыл соңына дейін 4-6 процент шамасында болатынын болжауда.

Ал Қазақстан қор биржасында доллардың теңгеге шаққандағы орташа бағамы 385 теңге 76 тиынға тең. Айырбастау бекеттерінде 368-388 теңге аралығында сатылуда.

Хабар 24 телеарнасы