413,26 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтар арасында жаңа автокөліктерге сұраныс азайды

  • 157
  • UPD: 11:29, 15.05.2020

Өткен айда бар-жоғы 1100 көлік сатылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 213-і ғана тіркелді. Бұл егемендік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Еліміздегі көлік нарығы өткен айда қатты құлдырағаны рас. Оған карантиндік шектеулер мен дилерлік компаниялар жұмысының тоқтауы себеп.

Қазақстанда өткен айда қолданыста болған көліктер 40 есе аз сатылған. Жиыны 2800-ден аса көлік қайта тіркеліпті. Бұл туралы Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева хабарлады. COVID-19 салдарынан еліміздегі дилерлік компаниялардың қызметі уақытша тоқтағанына қарамастан, онлайн тіркеу мүмкіндігі пайда болған. Нәтижесінде Toyota, Lada, UAZ, т.б. маркалы жаңа көліктер өз иесін тапты. Жаңашылдықты шығысқазақстандықтар Алматы және Қарағанды облысының тұрғындары жиі пайдаланған. Бірақ тіркелген көліктер жайлы деректер мамыр, маусым айында белгілі болады. Қазір ел аумағында дилерлі орталықтар мен мамандандырылған ХҚКО жұмысын бастады. Мамандар сатылым тамырына қан жүгіреріне сенімді.

Диктор:

- Нарықтағы автокөліктердің бағасына тоқталып кетсеңіз. Баға өсті ме?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Әрине, көлік бағасы қымбаттайды. Әсіресе, сырттан әкелінетіндер 20%-ке дейін қымбаттауы мүмкін. Пандемия салдары осындай болмақ. Елдегі ірі дилердің хабарлауынша, салондардағы жаңа көліктерді әлі 1,5 ай бойы сатуға болады. Демек, баға бірден қымбаттайды деуге келмейді.

***

Дәрігерлерге ерекше алғыс

Ал Qatar Airways әуе компаниясы әлем елдеріндегі медицина қызметкерлеріне 100 мың билет сыйлау акциясын бастады. Олар, осылайша, коронавируспен күресіп жатқан ақ халаттыларға алғыс білдірмек. 18 мамырға дейін медицина қызметкерлері компания сайтына тіркеліп, ерекше промокод алуға өтініш қалдыруы тиіс. Тегін билетті кез келген елдің дәрігері ала алады. Промокод эконом-класста белгілі бір елге серігіңізбен барып қайтуға мүмкіндік береді. Билеттерді 26 қарашаға дейін броньдауға болады. Сөйтіп, 10 желтоқсанға дейін  Qatar Airways әуе компаниясына қарайтын бағыттарға тегін сапар шегуге болады.

***

АҚШ халқы етсіз қалды

АҚШ халқы ет тапшылығын сезініп отыр. Коронавирус пандемиясы салдарынан бұл өнім қарапайым азаматтар үшін қолжетімсіз болып қалған. Оған ет индустриясындағы 10 мың жұмысшының індет жұқтыруы себеп. Нәтижесінде қайта өңдеу тұралап қалды. Дүкен сөрелерінде ет өнімдері азайған. Бұл бағаның рекордтық деңгейде шарықтауына алып келді. Сөйтіп, ет тек қалтасы көтеретін азаматтардың азығына айналды. Жалпы пандемия кесірінен соңғы екі айда АҚШ-тағы 30 ет шығаратын кәсіпорын жабылды. Оның дені ірі ошақтар.

***

Елімізде сәуір айында сиыр етінің бағасы 20%-ке қымбаттады. Бүгінде қазақстандықтар 94%-ке отандық ет өнімдерімен қамтылып отыр. Елдегі сиыр етінің орташа бағасы 2000 теңгеге жуықтаған. Өңірдегі ахуалды «Нарықтағы баға» айдарынан білесіз.

Қолжетімді баға Түркістанда тіркелген. Мұнда бір келі сиыр етін 1800 теңгеге алуға болады. Оралда өнім бағасы 2200 теңге, Қостанайда да осы баға, Нұр-Сұлтан қаласында сиыр етін шамамен 2300 теңгеге алуға болады. Ақтаулықтар да осы бағаға алады. Еліміздің шығысы Өскемен мен Семейде 2500 теңге болса, Алматыда 2600 теңгеге сатылып жатыр.

***

Тартымды баламалы энергия көздері

Қытай, Австрия және ресейлік инвесторлар Алматы облысындағы баламалы энергетиканы қаржыландырмақ. Жобалар жылдың соңында жүзеге асуы керек. Жалпы құны 56 млрд теңге болатын  ірі нысандарда 100 жұмыс орны құрылады. Жіктер болсақ, Еңбекшіқазақ ауданында қытайлықтардың қолдауымен бірінші жел электр станциясы бой көтереді. Оның қуаты 60 мВт болады деп жоспарланған. Сондай-ақ Іле және Қаратал аудандарында жалпы қуаты 55 мВт болатын күн электр станциялары салынады. Оған Қытай және Австрия инвесторлары қаржы қамдап отыр. Қапшағайдағы қуаты 3 мВт болатын күн электр станциясын ресейлік инвесторлар қаржыландырмақ.

Валюта бағамына кезек берейік. Еліміздегі доллардың орташа бағамы 422,40 теңге, еуро 458,30 теңге, рубль 5,73 теңгеге тең.

Хабар 24 телеарнасы