420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде ірі кәсіпкерлерге қаржылай көмек беріледі

  • 243
  • UPD: 13:36, 23.11.2020

Еліміздің Ұлттық банкі бизнеске жеңілдікпен несие беру мерзімін келер жылдың соңына дейін ұзартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ бағдарлама аясында ірі кәсіпкерлердің де көмек алуына мүмкіндік жасады. Осы мақсатқа бөлінген қаржының көлемі 200 миллиард теңгеге жетті. Жеңілдетілген несиені алатын кәсіпкерлік саланың да тізімі көбейіп, жалпы саны 42-ге жетті. Яғни пайызы аз несие сүт өнімдерін жасаушылар мен темір жол және әуе арқылы жолаушы тасымалдайтындар, көлікпен жүк тасымалдаушыларға беріледі. Жеңілдікпен несие алам деушілер бағдарламаны орындауға қатысатын екінші деңгейлі банктерге өтініш жазуы тиіс. Осылайша, карантин кезінде зардап шеккен кәсіпорындар өзінің айналымдағы қаржысын толықтыра алады. Айта кетейік, несиелік қарыздың шекті сомасы алты миллиард теңге.

***

Шекарадағы кептелістің себебі не?

Елдің Мемлекеттік кірістер департаменті мен Мәжіліс депутаттарының арасында дау туды. Төменгі палата өкілдерінің айтуынша, карантиндік шектеулерге байланысты Қытай мен Қазақстан шекарасында ұзын-сонар көлік кептелісі туындады. Ал кірістер департаментінің мамандары депутаттардың ескертуін негізсіз деп санайды.

Екі ел арасында сауда жасайтын кәсіпкерлердің айтуынша, шекарадағы электронды кезек алу кезінде ашықтық жоқ.

Кәсіпкерлер кеден бақылау бекетінен кейбір жүк көліктерінің кезектен тыс өтетініне наразы. Мұны электронды түрде кезек алу жүйесінде кемшілік және бармақ басты, көз қысты әрекет деп санайды олар. Яғни Астана-1 бағдарламасы мен шекара бақылау қызметінің жүйелері сәйкес келмейді. Мәселені депутаттар көтергеннен кейін Мемлекеттік кірістер департаменті шекарада тексеру жүргізген. Алайда ешбір кемшілік таппады. Барлығы заң аясында өтіп жатыр. «Кейбір жүк көліктеріне басымдық берілген», дейді. Бүгінде шекарадан өтуге 6 мың бос көлік пен жеті жүздей жүк тиеген көлік кезекте тұр. Айта кетейік, Қытай тарабы 10 қарашадан бері Қазақстаннан келетін жүк көліктерін кіргізуге шектеу енгізген. Экспортқа тауар алып бара жатқандар мүлде өтпейді. Көрші елдің мұндай шешім қабылдауына не себеп болғаны туралы әзірге ресми ақпарат жоқ.

***

Лондон халықаралық қаржы орталығы статусынан айырылуы мүмкін

Лондон халықаралық қаржы орталығы статусынан айырылуы мүмкін. Оған Ұлыбританияның Еуропалық одақан шығуы әсер етіп отыр. Жыл соңында корольдік Еуроодақ елдерімен ортақ кеденнен шығады. Сәйкесінше, Еуропа аумағында қаржылық қызмет көрсететін мүмкіндігі шектеледі. Қазір Лондондағы кейбір ірі банктер қордағы қаржысы мен қызметкерлерін өзге елдерге көшіріп жатыр. Bloomberg агенттігінің мәліметіне қарағанда, Goldman Sachs америкалық инвестициялық банкі Еуропадағы кәсібінің басым бөлігін Лондоннан Франкфуртқа ауыстырған. Ол қызметкерлерін ғана емес, 60 миллиард АҚШ доллары болатын активтерін де көшірген. Айта кету керек, бұған дейін конгломераттың капиталы 3,5 миллиард еуродан сәл астын еді.

***

COVID-19 вакцинасы барлық елге тең үлестірілуі керек

Корнавирустың вакцинасы мен медициналық препараттар бүкіл әлем елдеріне теңдей үлестірілуі керек. Әлемдегі ірі 20 мемлекеттің өкілдері осыған күш салуға ниетті. Олар кез келген пандемияға жаһандық деңгейде дайындалуымыз керек. Ол үшін өзекті ақпараттар, стандарттармен әрекет ету жолдары бірегей, барлық елге бірдей таралуы тиіс. Биыл G20-ға мүше мемлекеттер пандемия салдарымен күреске 21 миллиард доллар бөлді. Ол әлемнің денсаулық сақтау саласын жақсартып, коронавирусқа қарсы вакцинаны шығару және таралуын тежеу мақсатында жұмсалған. Сондай-ақ әлемдік экономиканы қайта аяқтан тұрғызу үшін 11 триллион теңге бөлген.

***

Қазақстан бойынша кешенді түскі ас құны қанша?

Коронавирусқа байланысты елдегі қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты қысқарды. Сондай-ақ қонақтар санына шектеу салынды. Бұл әрине, асханалардың табысын кемітті. Ал бағаға қалай әсер еткенін білу үшін өңірлердегі кешенді түскі астың құнына шолу жасадық.

Қазақстан бойынша кешенді түскі ас Қостанай мен Қарағандыда арзан. Мұндағы асханаларда 600 теңгеге түстеніп шығуға болады. Оралда – 700. Елордада кешенді түскі ас ішкіңіз келсе қалтада кемі 750 теңге болуы керек. Атырауда 800-ден, Ал Өскеменде 850 теңге шамасында. Павлодарда кешенді түскі асқа мың теңге жұмсайсыз. Ел бойынша асханасы ең қымбат өңір деп Талдықорғанды айтуға болады. Өңірдегі әріптестеріміз жіберген мәліметке қарағанда, мұнда кешенді түскі ас 1500 теңгеге шығады

Қазақстан қор биржасындағы сауда саттықта АҚШ-тың бір доллары 427 теңге 97 тиын. Ресей рублі 5 теңге 62 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы