365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астана банкі жұмысын не себепті тоқтатты?

  • 166
  • UPD: 20:41, 19.09.2018

Ұлттық банк Астана банкін лицензиясынан айырды.

Әрі қаржы институтын тарату туралы шағым түсірді. Қазір банктің жұмысы толығымен тоқтатылды. Оның жабылуына банк заңнамасының дұрыс орындалмауы себеп.

Салымшылар не болғанын түсінбей дал. Қолдағы бар қаражатын банкке сеніп тапсырғандардың бірі – Зинайда Пак. Ол Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынатын қаржы заңды тұлғаларға жетпей қала ма деп қауіптенеді.

Зинаида Пак, кәсіпкер:

– Мұндай жағдайға кәсіпкерлер үшінші рет тап болып отыр. Тіпті айтатын сөзім жоқ. Енді кімге сенеріңді білмейсің.

Осындай қиын жағдайға астаналық кәсіпкер Батыр Серік те тап болды. Ол осының алдында РБК банкінен әрең басын ажыратып алған еді. Тыныш өмірі ұзаққа созылмады. Астана банкіндегі есепшотына түскен ірі көлемдегі қаржыны көктемнен бері ала алмай келеді. Жұмысшылары жалақысыз қалды. Кәсіпорынға қажетті материалдар сатып алуға да қаржысы жоқ. Бірнеше айдан бері соттар мен прокуратураның табалдырығын тоздырды. Бірақ еш нәтиже жоқ.

Батыр Серік, кәсіпкер:

– Қазір біз жаңа тапсырыс алдық. Бірақ  йналымда ақша жоқ болғандықтан, біз қаражатты қарызға алуымызға тура келеді. Тағы да несие алу керек болады. Ол қаржыны кәсіпорынға құямыз. Сөйтіп жұмыс істейміз.

Астана банкіне мыңдаған қазақстандық өз қаражаттарын сеніп тапсырған. Депозиттің жалпы сомасы 41 млрд теңгеден асады. Салымшары қаражаттарын қайтарып алудан үмітті. Ал Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының өтемақы төлеу міндеттемесі 37 млрд теңге. Кепілдіктің ең жоғары мөлшері 10 миллион теңгеге дейін, шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 миллион теңгеге дейін.

Банктік шоттағы қалдық өтелуі тиіс. Банк есептеген сыйақыға кепілдік берілмейді. Егер банктік салым шартында сыйақыны капиталдандыру көзделсе, онда капиталдандырылған сыйақы депозиттің негізгі сомасына қосылады және кепілдік нысаны болады.

Қазіргі уақытта Астана банкінде уақытша әкімшілік құрам тағайындалды. Олар сот қаржы институтын мәжбүрлеп тарату туралы шешім шығарғанға дейін жұмыс істейтін болады. Салымшыларға төлемдер тек сот шешімінен кейін ғана беріле бастайды.

Хабар 24 телеарнасы