378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда айналымы 60% өсті

  • 255
  • UPD: 10:12, 22.12.2018

Алдағы екі жылда Қазақстан мен Сербия арасындағы алыс-беріс көлемі 6 есеге артады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мақсатқа жету үшін қос елде саудаланатын тауарлар тізімін толықтыру көзделіп отыр.

Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда айналымы 60% өсті. Алайда оның жалпы сомасы әзірге 42 миллион долларды құрап отыр. Қос елдің басшылары қазан айында бас қосып, алыс-берісті нығайту туралы келісімге келген.

Желько Йеврич, экономист:

- Әуелі туризм, сауда мен құрылыс саласындағы байланысты күшейтуге болады. Қазақстан мен Сербия елі сияқты құрылыс саласын қарқынды түрде дамытып жатыр. Қазақстанда Сербияның бірнеше компаниясы жұмыс жасауда. Мысалы, Тесла Парк тұрғын үй кешенінің құрылысын сербиялық компания жүргізіп жатыр. Сондай-ақ сауда-саттық пен ойын-сауық нысандары көптеп салынуда. Сондықтан сербиялық құрылыс компаниялары қазақстандық нарыққа бет алды.

Екі елдің ынтымақтастығы ауылшарушылығы саласында да көрініс таппақ. Ең алдымен жеміс-көкөністің алыс-берісін орнатып, шикізатты өңдеуді жолға қою жоспарда бар. Сондықтан жуырда ортақ өндірістің нәтижесі ретінде дүкен сөрелерінен тосап, шырын мен тәттілердің кездесіп қалуы ғажап емес.

Живорад Янкович, қаржылық сарапшы:

- Сербия Қазақстанның ауқымды әрі тұрақты нарығына қызығушылық білдіруде. Оның үстіне бұл бағыттағы бірлескен жұмыс батысеуропалықтармен салыстырғанда анағұрлым нәтижелі болады деп санаймыз. Себебі Қазақстанның әлеуеті зор деп білеміз.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты - әскери өндіріс саласында өрбімек. Алайда бұл бағыттағы жоспарлар әзірге құпия сақталуда. Сондай-ақ ресми Белград қазақстандық нарыққа тауарларын кедендік салықсыз өткізуге рұқсат алуды көздеп отыр. Осылайша, Сербия Қазақстан арқылы еуразиялық экономикалық одақ нарығына құс еті, ірімшік пен шылымды жеткізуді қалайды. Есесіне, Сербия тарапы Қазақстанға арнайы квотамен 5 мың көлікті жеткізуге ниет білдіріп отыр.

Авторлары: Дмитрий Лукша, Дмитрий Лане

Хабар 24 телеарнасы