378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузия Қазақстаннан астық тасуға мүдделі

  • 272
  • UPD: 15:30, 18.02.2019

Грузияда нан қымбаттайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Былтыр ас атасының құны 10 пайызға көтеріліп еді. Биыл тағы өспек. Сарапшылар құнның құбылуын Ресейден жеткізілетін астық бағасының аспандап кетуімен байланыстырып отыр. Оның үстіне тау халқы бірнеше жылдан бері қамбаларын толтыра алмай әлек. Елде бидай тапшы. Сондықтан олар бағаны ауыздықтауға әзірге дәрменсіз болып отыр. 

Грузия жылына 700 мың тонна астық тұтынады. Оның 90 проценті өзге елдерден жеткізіледі. Дені – ресейлік өнім. Бірақ тау халқына іргелес жатқан мемлекет биылдан бастап дәнді-дақылдардың құнын өсіруді жоспарлап отыр. Кесірінен Грузияда тағы да нан қымбаттамақ.   

Леван Силагава, астық өндіру қауымдастығының басшысы:

- Ресейдің астығын алған бізге әлдеқайда тиімді. Сапасы да жақсы, тасымалдау да жеңіл. Осыдан 15 жылдай бұрын астықты Қазақстаннан да алатын едік. Ол кезде тауар тасымалына кететін шығынның 60 проценті мемлекеттік бюджеттен өтелетін. Ал қазір Қазақстанда астық экспорттаушыларына субсидия бөлінбейді.

Мемлекеттен қолдау болмаған соң, қазақстандық диқандар астық бағасын өсіруге мәжбүр болып отыр. Айталық, ресейлік өнімнің бір тоннасы 250 доллар болса, біздегі дәнді-дақылдардың құны 20 долларға қымбат.

Леван Силагава, астық өндіру қауымдастығының басшысы:

- Қазақстан мен Грузия арасында мығым байланыс бар. Сауда-саттық жанданған. Соңғы 3 айда Қазақстаннан 40 мың астық алдық. Бірақ бұл аз. Сондықтан өнім көлемін ұлғайтқымыз келеді.

Қазақстанда астық тасымалдау мәселесі шешілсе, құны да біраз арзандайтын еді дейді сарапшылар. Әзірге олар біздің өнімді аз көлемде алуға мәжбүр.  

Вахо Чарая, экономист:

- Біздің елге Ресейден көбіне орташа сұрыпты өнім жеткізіледі. Егер Қазақстан билігі диқандарға астық тасымалдау мәселесін шешуге көмектесетін болса, онда Грузия ресейлік бидайдан мүлдем бас тартар еді. Өйткені қазақстандық өнімнің сапасы әлдеқайда жоғары.

Грузия қазір тығырыққа тірелген. Олар ресейлік астықты қымбат болса да алуға мәжбүр. Себебі қамбалары бос. Былтыр елдегі нан бағасы 10 процентке өсіп еді. Енді тағы да қымбаттағалы жатыр. Әзірге ас атасының құны қанша процентке көтерілетіні белгісіз.  

Авторлары: Татия Джанибегашвили, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы