378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе индустриялық аймағының 85 пайызын инвесторлар игеруде

  • 143
  • UPD: 23:01, 23.05.2019

Ақтөбе индустриялық аймағында бос орын қалмады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

200 гектар жердің 170-і инвесторларға бөлініп берілді. Көп ұзамай қалған аумақта да өндіріс қызады.

Онда көгілдір отын, электр қуатының қолжетімділігімен қатар логистикалық мүмкіндіктер де мол.

Батыс аймақта баламасы жоқ керамика тақтайшаларын шығаратын зауыт құрылысы алдағы екі ай ішінде аяқталуы тиіс. Жаздың орта тұсынан бастап алғашқы өнімдері дайын болады. Жылына 5 миллион шаршы метр тауар жасауға қауқарлы. Өндіріс орны шетелдік бұйымдармен бақталасатын болады. Сыртқа нарық та басты назарда. Себебі тауардың 80 проценті көрші елдерде саудаланады.

Виталий Назаренко, зауыт өкілі:

- Қуаттылығы бойынша батыс аймақта бұл зауытқа тең келетін өндіріс жоқ. Сондықтан құрылысты тез арада аяқтауды көздеп отырмыз. Сапасы да жоғары. Сондықтан Ресей нарығында сұранысқа ие болады деп сенеміз.

Зауыттың инвестициялық құны – 9 миллиард 200 миллион теңге. Өндіріс толық іске кіріскен кезде 200-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазірдің өзінде бұл жерде 300-ден астам адам еңбек етеді. Өткен жылы индустриялық аймақта 5 ірі кәсіпорын іске қосылған болатын.

Төрехан Төребекұлы, «Ақтөбе» ӘКК Стратегиялық және корпоративтік даму департаментінің бас менеджері:

- 2019 жылға келер болсақ, жоспар бойынша жалпы құны 23,7 миллард теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асыру жоспарлануда. Индустриялық аймақтағы жалпы 25 жобаның құны 96,6 миллиард теңгені құрайтын болады.

Бұл жобалардың барлығы биыл жүзеге асуы тиіс. Яғни іргетасы қаланып, жаңа өндіріс орындарының құрылысы жақын күндері басталады. Ал тағы 11 инвестициялық бастаманың қазіргі таңда қағаз бетінде есеп-қисабы жүргізілуде. Тиісті құжаттар рәсімделген соң оларға да жер телімдері бөлінеді.

Инвесторлар тарапынан Ақтөбе өңіріне қызығушылықты бірнеше фактормен түсіндіруге болады. Біріншіден, қуат көздері – көгілдір отын мен электр энергиясы қолжетімді. Екіншіден, облыстың географиялық орналасқан жері өте тиімді. Батыс аймақтың басты қалаларының бірі үшін солтүстігіндегі Ресей Федерациясының алпауыт нарығына жол ашық. Үшіншіден, жол. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақтөбе индустриялық аймағы маңынан, теміржолды айтпағанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі өтеді. Бұл жайт жаңа құрылысқа кірісуді көздейтін кәсіпкерлер үшін өте маңызды. Сәйкесінше индустриялық аймақтағы 200 гектар жердің 170-і қазіргі таңда бос емес. Бұл мың жарымнан астам жергілікті тұрғынға тұрақты жұмыс орны болады деген сөз.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы