426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысы Үкіметтен бөлінген қаржыны қалай жұмсады

  • 343
  • UPD: 08:45, 26.01.2020

Ақмола облысының ауыл шаруашылығына өткен жылы Үкіметтен 42 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қаржы мал және егін шаруашылығын субсидияландыруға, сондай-ақ саладағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалыпты. Мемлекеттік көмектің нәтижесі де жоқ емес. Күн райының қолайсыздығына қарамастан, аймақта 5 млн тоннадан астам астық жиналды. Бірнеше мал бордақылау алаңы ашылып, жаңа кәсіпорындар іске қосылды.

Ақмола облысында соңғы жылдары ата кәсіпті жалғастырушылар көбейіп келеді. Айталық, қазір аймақта 400-ден астам арнайы мал бордақылау алаңы бар. Солардың бірі әрі бірегейі 2019 жылдың соңында Зеренді ауданына қарасты Мәлік Ғабдуллин ауылының іргесінен ашылды. Мұнда кезінде шетелден әкелініп, содан бері жергілікті жерде көбейтіліп, аймаққа әбден жерсінген 10 мың бас асылтұқымды ірі қара байлауда болады. Жоспар бойынша бұл жерде күніне 50 бас мал сойылып, еті елорда мен көрші Ресей нарығына жөнелтілмек.

Серікбай Садықов, серіктестік құрылтайшысы:

– Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Біздің компания Ақмола облысында бас-аяғы 300 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдарын ашуды жоспарлап отыр. Олар Зерендімен қатар, Қорғалжын және Атбасар аудандары, сондай-ақ Степногорск қаласынан салынады.

Облыстағы мал бордақылау алаңдарының жетеуі – осындай ірі нысандар. Оларда бас-аяғы 30 мыңнан астам асылтұқымды ірі қараны семіртуге мүмкіндік береді. Жалпы аймақта қазір 450 мың бас Зеңгі баба тұқымы бар болса, олардың 16 жарым проценті, яғни 67 мыңнан астамы – асылтұқымды. Келешекте бұл көрсеткішті кемінде 25 процентке дейін жеткізу міндеті тұр. Ал мал басын көбейтудегі басты мақсат – ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыру.

Димаш Таласбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Жыл сайын мал басы өсіп келеді. Өткен жылы өңірде етті бағыттағы 150 ферма ашылды. Ал ет өңдеу кешендері қазір 77 процентке жұмыс істеп тұр. Мақсат – олардың жүктемесін 95 процентке дейін жеткізу. Сүт зауыттарының да жобалық қуаттылығына шығуына жағдай жасауымыз керек.

Ақмола облысы дегенде, егін шаруашылығын айтпай кету мүмкін емес. Күн райы жаңбырлы болып, егіннің сапасына кері әсер еткенмен, ауыл шаруашылығы басқармасы, 2019 жылы 5 млн тонна астыққа тың технологиялар мен су жаңа техникаларды қолдану арқылы қол жеткіздік, - деп мәлімет таратты. Ал бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен еш кем емес.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы