445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жұмыртқа экспорты тоқтап тұр

  • 126
  • UPD: 23:16, 04.03.2020

Жыл басталғалы елімізде жұмыртқа экспорты тоқтап тұр.  Былтыр Қостанай құс фабрикасының бір өзі Ресейге 118 миллион жұмыртқа өткізген еді. Бұл жалпы өндірілген өнімнің 45 проценті.

Ал биыл бірде-біреуі сыртқа сатылған жоқ. Іргедегі алып нарықтан отандық өнім өндірушілер қалай айырылып қалды?

Соңғы үш-төрт жылда қазақстандық құс фабрикалары өз өнімдерімен Ресейдің ірі мегаполистерінде танылып үлгірді. Көрші елдің тұтынушыларын біздің өнімнің табиғи тазалығы, жоғары сапалығы  қызықтырады.    

Татьяна Гургурова, Челябі қаласының тұрғыны:

- Ең бастысы, қазақстандық азық-түлік өнімдерінің еш қоспасы жоқ, Құнарлы және экологиялық таза болып келеді.

Отандық азық-түлікке сұраныстың артқандығының бір дәлелі: соңғы 5 жылда  жұмыртқа экспорты 16 есеге өсті. Әлі де өрістетуге болар еді. Алайда соңғы үш-төрт айда ресейлік өндірушілер сауда бәсекесінде бағамен басып тастады.

Сергей Русаков, сауда компаниясының директоры /Ресей/:

- Қанша таза, құнарлы, сапалы дегенімізбен баға саясаты өз дегенін істеді. Жергілікті фабрикалар жұмыртқаның әр данасының құнын 50 тиынға төмендетіп жіберді.Ал қазақстандық өндірушілер оған қарсы тұра алмай отыр.    

Әрине ресейлік ірі компаниялармен бәсекеге түсу оңай емес. Ондағы бір фабриканың өзі жылына миллярдтан астам жұмыртқа шығарады. Оның үстіне мемлекеттік қолдауда айрықша. Ресейдің кейбір аймағында  құс фабрикаларына 50 процентке дейін инвестициялық субсидия бөлінеді.

Ал бізде керісінше субсидияны қысқартпақ ойлары бар. Егер әр жұмыртқаға қаралған 3 теңге  көмек қаржыдан қағылатын болса, қазақстандық кәсіпорындардың жағдайы  қиындай түспек.

Қайрат Маишев, құс фабрикасының бас директоры:

- Өндіріс көлемі төмендейді, сәйкесінше жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр боламыз. Қазірдің өзінде фабрикада жұмыс істейтін 250 адам көптік етеді. Өндірісті әртараптандыруды да тоқтата тұруға тура келеді. Өзімізде гофрокартон қораптарын, басқа заттарды шығару ойымызда бар еді. Оның аяғы құрдымға кететін сияқты. 

Қостанайлық құс өсірушілер  өндірісті тоқтатпау үшін  жұмыртқа құнын қымбаттатуға мәжбүрміз дейді. Соны пайдаланып ресейлік өндірушілер арзан бағамен біздің ішкі нарықты да жаулай бастауы мүмкін. Ал 2021 жылға дейінгі  даму стратегиясына сәйкес белгіленген  субсидияны қысқартуға не түрткі  болғандығын түсінбей далмыз дейді олар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы