420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда жылжымалы қақпа шығаратын кешен іске қосылды

  • 193
  • UPD: 21:04, 18.08.2020

Алматының индустриалды аймағында металл өңдеу және жылжымалы қақпа шығаратын кешен іске қосылды. Қазір өндірістік аймақта 13 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін  тағы 9 жоба іске қосылады. Бұл мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.

Шілде айында ашылған металл өңдейтін зауыт күніне 50 дана жылжымалы темір қақпа шығаруға қауқарлы. Отандық нарықтан бөлек көршілес Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне өнімдерін жөнелтетін кәсіпорында 42 адам жұмыспен қамтылған. Бизнесті дамытуға индустриалды аймақтың берер мүмкіншілігі көп. 

Алексей Ленский, кәсіпорынның коммерциялық басшысы:

- Ауқымды өндіріске Алматыдан ғимарат табу өте қиын. Жалға алу бағасы өте қымбат. Ал индустриалды аймақтан жер алып, кәсіпорын салу әлдеқайда тиімді. Біздің кәсіпорын 6 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Мұндай мүмкіндік тұтынушының талабын ескеріп, сапалы өнім шығаруға жол ашады. 

Индустриалды аймақтың басты мақсаты да сол - кәсіпкерлікті қолдау. Ыңғайлы инфрақұрылым мен электр қуатының төмен тарифы түптеп келгенде шығарылған өнімнің бағасының арзан болуына әсер етеді екен. Кәсіпорындарға қойылатын басты талап – инновациялық өнімді шығарып, импортты алмастыру. 

Асқар Білісбеков, «Алматы ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы:

- Индустриалдық аймаққа жобаларды таңдаудың бірнеше ережесі бар. Ең бірінші кезекте кәсіпорын қазақстандық үлесті арттыруға басымдық беруі тиіс. Кезең кезеңімен болса да бұл талап орындалуы керек. Сонымен қатар,экспортқа бағытталған өнім шығару міндетті. 

Алматының индустриалды аймағына жобалық құны 261 миллиард теңге болатын 60 компания кіреді. Қазіргі уақытта 13 кәсіпорын толық қуатында жұмыс істесе, 47 жоғары технологиялық жоба жүзеге асырылу кезеңінде. Коронавирус пандемиясы қаладағы бизнес нысандарына оңай соқпағаны анық. Дегенмен, өндірістік аймақтағы кәсіпорындар жұмысын тоқтатпаған. 

Хадиша Бижан, компания басшысы:

- Бір де бір рет тоқтаған жоқпыз. Қиындықтар әрине болды, біз мынау пригородтағы работникетріміздің көбі кіре алмай қалды. Олардың бәрін енді өзіміз общежитияға орналастырдық. Олардың бәрін қамтамасыз еттік. Төсек-орын, жату, тамағымен бәрін. Сөйтіп, қиындық болса да біз ол жағдайдан шықтық. 

Жыл соңына дейін индустриалдық аймақта автокөлік, медициналық мақсатта диагностикалық тест шығаратын, жылу газоблоктары мен желдету жүйелерін өндіретін, жылу оқшаулайтын материалдар шығаратын 9 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы