426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбек кәсіпкерлері Қазақстан ұнын көшіріп, Ауғанстанға экспорттаған

  • 364
  • UPD: 12:04, 25.08.2020

Қазақстан жыл сайын ұн экспортын азайтып келеді.

Былтырғы сәйкес кезеңде еліміз 700 мың тоннадан аса өнімді сыртқа шығарған. Биылғы көрсеткіш 530 мыңнан сәл асады. Мамандардың айтуынша, негізгі импорттаушы саналатын Ауғанстан мемлекеті қазақ ұнына сұранысты азайтқан. Оған не себеп?

Қазір Ауғанстан билігі өзбек ұнын жиі тұтынатын болған. Бір қызығы өнім қазақстандық астықтан алынады.

Соңғы 7 жылда Қазақстан Өзбек еліне 3 есе аз ұн экспорттады. Астық өндірушілер одағының Президенті Евгений Ганның айтуынша, өзбектер қазақ ұнынан гөрі астығын алғанды құп көреді. Көрші ел дақылды нөлдік, дайын өнімді 10 проценттік мөлшерлемемен алып отыр. Есесіне алған астықты өңдеп, ауған еліне экспорттауда. Сөйтіп нарықтағы негізгі импорттаушымызды өзіне қаратқан. Елімізде жыл соңына дейін 1,3 млн тонна ұн экспортталады деген жоспар бар. Алдыңғы жылы көрсеткіш 2 млн-нан асқан. Өкінішке қарай, қазір еліміздегі ұн кәсіпорындары жабылып жатыр. Ал Өзбекстанда астықты өңдеу арзандау, жұмыс көзі бар, жарық пен газ да қолжетімді. Сарапшы шешуші қадам жасамасақ, күзге қарай жағдай күрделене беретінін айтады. Тіпті Ауғанстан нарығы бізге қолжетімсіз болып қалуы ықтимал. Ең сорақысы, өзбек кәсіпкерлері халықаралық заңнаманы бұзып, қазақстандық ұнды көшіріп, шығарып жүр екен. Дайын өнімді ішкі нарықпен қоса, экспорттап отыр. Отандық мамандар ол өнімнің сапасына алаңдайды. Өйткені сын біздің елге келеді. Жағдайды айтып Үкіметке, ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция, Сыртқы істер министрліктеріне хат жазған. Бұл ахуал енді үкіметаралық комиссияда қаралуы тиіс.

Евгений Ган, ҚР астық өндірушілер одағының президенті:

– Өзбекстан Қазақстанның ұнын қолдан жасап шығарып отыр. Оған өзіміз куә болдық. Бірнеше жылдан бері отандық брендті көшіріп отырған. Кәсіпкерлеріміз өзбек билігімен сөйлесуге тырысты. Бірақ нәтиже жоқ. Өндіріс орындарын бейнетаспаға түсіріп алдық. Тіпті қапшықты да көшіріп шығарған. Бұл халықаралық заңнаманы қатаң бұзу болып табылады.

Әлемдік туризм әзір қалпына келмейді

Келесі жылы Азия Тынық мұхиты елдері туриндустрияда көш ілгері болады. Олардың кірісі 480 млн долларға жетеді. Ал Батыс Еуропаға саладан 450 млн доллар түседі. Әлемдік туризм ахуалын саралаған халықаралық сарапшылар осылай деді. Олардың болжамынша, пандемиядан әбден жапа шеккен сала 2022 жылы ғана қалпына келуі мүмкін. Зерттеудің авторы Кэролайн Бремнердің айтуынша, биыл туристік индустрия кірісінің жартысынан қағылады. Жағдай күрделенсе, пайданың 61 проценті ауаға ұшуы ықтимал. Сөйтіп, әлемдік туризмнен түсетін кіріс 1,3 трлн долларды құрайды. Келесі жылы мемлекеттер шекараларын ашса, жолаушылар тасымалы 1,2 млн-ға жетеді. Бұл былтырғы көрсеткіштен едәуір аз. Жаһанды коронавирус инфекциясы жайлағалы круиздік сала 60 процентке, турпакет сатылымы 45 процентке құлдырады.

«Жасыл» аймақтағы ахуал

Бұл аптаны әлемдегі негізгі қор индекстері «Жасыл» аймақтан бастады. Әсіресе, Азия нарығының белесі биік. Ал жапондық Nikkei 225 индексі 0,2%-ке көтерілді. Қытайлық Shanghai Composite-тің де мерейі үстем. Гонконгтың негізгі Hang Seng индексі шамамен бір жарым процентке өсті. Сарапшылар телекоммуникация және технологиялық компаниялардың құнды қағаздары да нықталып келе жатқанын айтады. Мұндай ахуалға АҚШ-тың індетті емдеуде науқастардың қан плазмасын кеңінен қолдануға рұқсат беруі себеп болған. Қазір жергілікті билік Ұлыбританиядан эксперименттік вакцинаны енгізуді қарастырып жатыр. Бұл да коронавирустың екінші толқыны туралы алаңдаушылықты азайтып, инвесторлар сенім ұялатқаны анық.

Ал еліміздегі сұлулық салондарының 30 проценті жабылды. Бұл алғашқы карантиннен кейінгі көрсеткіш. Дегенмен әрлеу мен сәндеу қызметі қашан да сұранысқа ие. Гельді маникюр жасату әйелдер қауымы үшін қолжетімді ме?

Нарықтағы баға

Салонда гельді маникюр жасату қызметінің ақысы Оралда орташа 3000 теңге-ден басталады, Павлодарда 3500 теңге, ал Шымкенттен қызметті 4000 теңгеге алуға болады. Шығыс Қазақстанда әдемі тырнақтар үшін шамамен 4500 теңге төлейсіз. Қостанайда қызмет ақысы 5000 теңгеге дейін барады. Ал елордада 6000 теңге.

Еурокомиссия 81,4 миллиард еуро бөлуді ұсынады

Жаһаннан тағы бір ақпар. 80 млрд еуро. Жұмыссыздықпен күрес және дағдарыстың салдарын жеңілдету үшін Еуропалық комиссия 15 мемлекетке осынша қаржы бөлуді сұрайды. Кеңес шешімінше қолдау жеңілдетілген несие түрінде көрсетіледі. Қаржының үлкен бөлігі Италияға бағытталады. Бұл – 27 млрд еуро. Тізімді Испания, Польша және Бельгия жалғайды. Естеріңізде болса, биылғы мамырда Еуроодақ елдерінің Кеңесі жұмыспен қамтуды қолдау тетігін мақұлдады. Оның негізінде көмекке зәру елдерге 100 млрд еуроға дейін қолайлы несие беру көзделген. Мұндай тетік 2022 жылға дейін жалғасуы бек мүмкін.

Доллар 419,48 теңге, еуро 496,33 теңге, Ресей рублі 5,65 теңге.

Хабар 24 телеарнасы