419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда медициналық бұйымдар цехы ашылды

  • 107
  • UPD: 21:50, 17.12.2020

Қостанайда оңалтуға бағытталған медицина бұйымдары мен жабдықтарын жасайтын бірегей кәсіпорын іске қосылды. Инвестор өндірісті қос мемлекеттік бағдарлама арқылы ашқан. Компания бұған дейін құрылғыларды Ресей, Қытай, Түркиядан тасымалдап келсе, енді керек-жарақты түгелдей өздері шығарады.

Цех науқастарға арналған төсек-орын, арба, балалар мен ересектер кереуетін шығарады. Бұл мақсатта кәсіпкер 206 млн теңге жеңілдетілген несие алған.

Александр Мацкевич, серіктестіктің бас директоры:

- Біз Ресей және таяу шетелдердің 12 зауытымен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Олар 11 жыл бойы жабдықтарды жеткізіп келген. Бірақ сұраныс жоғары болғандықтан ресейлік зауыттар өнім шығарып үлгермей жатты. Біреуге тәуелді болмай, осы өндірісті мемлекет қолдауымен өзімізде ашайық деп шештік.

Мұнда медицина бұйымдары мен жабдықтарының 30-ға жуық түрі шығарылады. Өнімдер көтерме және бөлшек саудамен ел аумағында тапсырыс бойынша жеткізіледі. Бірақ нарыққа шығу үшін компания арнайы сертификат алуы тиіс. Әзірше оңалту жабдықтары қоймада сақталады.

Александр Мацкевич, серіктестіктің бас директоры:

- Қазақстанда бөлек кереует, бөлек төсек орын жасайтын компаниялар бар. Ал біз сияқты медицина бұйымдарын жаппай шығаратындар жоқ. Сондықтан қымбат қондырғылар сатып алдық.   

Кәсіпорын 35 адамды жұмыспен қамтыды. Болашақта қаптама цехы іске қосылса, штат тағы 10-12 жұмысшыға ұлғаймақ. 

Ерлан Қойшыбаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Казіргі індет кезінде осындай өндірістің маңызы жоғары. Бұдан былай аймақтың емдеу мекемелеріне керек жабдықты шетелден тасудың қажеті жоқ. Бәрі де осы жергілікті зауытта өндіріледі. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына қолдау білдіріп, мүгедектердің жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуде мұндай жобаның көмегі зор.

Мүгедектер арбасы мен басқа да отандық өнімдердің бағасы импорттық  техникалардың шекті құнынан аспайды. Өндіріс толық қуатына шықпайынша, компания сырттан тауарлар әкелуді жалғастыра бермек.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы