Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржолмен контейнерлерді тасымалдау көлемі 35% артты
Пандемияға қарамастан соңғы 11 айда Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржолмен контейнерлерді тасымалдау көлемі 35% артты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл туралы Бейжің қаласында өткен дөңгелек стол барысында белгілі болды. Осы шара аясында Қытайдың бұл саласындағы 15 жетекші компаниясының өкілдері қазақстандық әріптестерімен көлік тасымалы мен логистикадағы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың мәселелері мен әлеуетін талқыға салды. Елшіміздің айтуынша, қазақстандық бағдардың арқасында Азиядан Еуропаға жеткізу мерзімі бірнеше есе азайған.
Суй Цзюнь, «Cosco Shipping Lines» компаниясы бас директорының орынбасары:
– 2017-жылы Қорғас-Шығыс қақпасы еркін экономикалық аймақта құрғақ айлақты пайдалану бойынша Қазақстанмен бірлескен кәсіпорын құрдық. Бұл компания табысты еңбек етіп жатыр, осы мезгілде өзара сенім артып, өзге нарықтар да бізді таныды. Жүк айналымы үнемі артып келеді. Биыл 50 процентке өсті. Қазір жаңа пойыздар мен шойын жолдарға құятын инвестицияларды арттыруға дайындалып жатырмыз.