419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Junior Eurovision халықаралық ән байқауына санаулы күндер қалды

  • 96
  • UPD: 23:13, 23.11.2020
Junior Eurovision халықаралық ән байқауына санаулы күндер қалды

Алдымыздағы жексенбі күні өтетін Junior Eurovision халықаралық балалар ән байқауында Қазақстанды Қарақат Башанова таныстырады.

Әлемдік додада ол «Forever» композициясын орындайды. Пандемияның салдарынан аталған ән байқауы биыл бірінші рет онлайн режимде өтеді. «Алайда бұл жағдай оның сапасы мен маңыздылығына еш әсер етпейді», – дейді ұйымдастырушылар. Junior Eurovision 2020 халықаралық ән байқауын 29 қараша күні кешкі сағат 22:00-де «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Байқау күні жақындаған сайын қобалжу да басымырақ. Бұл – халықаралық өнер додасында ұлттық байқау жеңімпазы, Талғар ауданының тұрғыны 12 жасар Қарақат Башанова. Қазір жас орындаушының күн кестесі де өте тығыз. Ол күніне екі сағат вокалдан, ал аптасына бірнеше рет актерлік шеберліктен сабақ алып жүр. Оған қоса байқау алдында түрлі түсірілімдер көбейген.

Әлия Аязбекова, Қарақат Башанованың анасы:

– Әрине, қолымыздан келгенше дайындалып жатырмыз. Қарақатты енді күннің суығында ауырып қалмаса екен деп, уайымдап, уақытысымен тамақтандырып, ұйықтатып, суық су ішкізбей, өзім қадағалап жүрмін. Барлығы жақсы болады деген үміттемін. Қобалжу бар, бірақ Қарақаттың жеңімпаз атанатынына сенемін.

Қарақаттың дауысы бірегей. «Бірақ бұл – таланттан гөрі еңбектің нәтижесі», – дейді анасы. Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепте оқитын ол скрипкада және фортепианода ойнайды. Junior Eurovision-ге ол жуырда ғана бейнеклип түсіhген «Forever» әнін орындайды. Жүректі тебірентер бұл ән жас әншінің өмірден өткен әкесіне арналады. Қарақат ол кезде бар-жоғы 5 жаста болған екен. Бірақ бала жүрегінде әкеге деген сағыныш оты сөнбек емес.

Қарақат Башанова, «Junior Eurovision 2020» халықаралық байқауының қатысушысы:

– Мен ең алғаш рет сахнада осы әнді орындаған кезде өте қатты қорықтым, қобалжыдым. Себебі сахнада эмоцияға беріліп кетіп, жылап жіберемін бе деген ой болды. Бірақ әкем мені естісе, осы әнді қалай жеткізіп айтып берер едім деп ойладым.

«Хабар» Агенттігі 2016 жылдан бері Еуропалық хабар тарату одағының мүшесі болғандықтан, талантты жастарымыз осымен үшінші жыл қатарынан «Junior Eurovision» халықаралық байқауына қатысуға мүмкіндік алып отыр.

Қарақат Башанова, «Junior Eurovision 2020» халықаралық байқауының қатысушысы:

Әрине қобалжу бар. Ұлттық іріктеуде де қобалжыған болатынмын. Гранд финал жақындаған сайын қобалжуым тіпті арта түсуде. Бірақ маған артқан үміттің бәрін ақтағым келеді.

Қарашаның 29-ы күні бақ сынайтын жас талантқа сәттілік тілейік!

Авторлары: Алуа Маханбет, Радик Жақұпов

 

 

Хабар 24 телеарнасы