476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Junior Eurovision 2020: Қарақаттың топ жаруына мүмкіндік зор

  • 508
  • UPD: 14:35, 29.11.2020

Бүгін Junior Eurovision байқауында еліміз атынан сынға түсетін Қарақат Башанова үшін маңызды күн.

Өнер сайысы елорда уақыты бойынша кешкі сағат 22:00-де басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарақаттың Junior Eurovision байқауында топ жаруы үшін ең алдымен отандастарының қолдауы керек.

Қазақ өнерінің кішкентай өкілі Қарақат Башанованың Балалар Евровидениесінде топ жаруына мүмкіндік зор. Оның ұлттық іріктеуде көрсеткен өнері көпшілікті таң қалдырды. Өмірден өткен әкесіне арнаған әні жүректі тебірентеді. Композитор Хамит Шанғалиевтың туындысы, осылайша, Қарақаттың жұлдызын жарқыратуға көмектесті. Ендігі кезек – әлемдік деңгейде танылу.

Қарақат бұл бәсекеге тыңғылықты дайындалды. Сындарлы сәт жақындаған сайын халықтың қолдауы артты. Енді міне, көпшілік күткен сәт жақын. Бүгін қазақстандықтар кешкі сағат 22:00-де «Хабар» арнасы арқылы Junior Eurovision байқауын тамашалайды. Қарақат Башанова екінші болып өнер көрсетеді.

Биыл Балалар Евровидениесі онлайн өтеді. Дүниежүзілік пандемияға байланысты осындай шешім қабылданған. Қазақстандықтар өз отандасына Junior Eurovision ресми сайты арқылы дауыс берсе болады. Мықтыларды анықтау кеше басталып кетті. Сайыс шарты бойынша еліміз 3 өнерпазға қолдау көрсете алады. Алғашқысы Қарақат болса, одан бөлек тағы екі елдің өкілін таңдауға құқылы.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Осы маңызды додада дауыстарыңыз керек. Көбі біз үшін басқалар дауыс береді деп, артық 2 минут таппай жатамыз. Ақырында сол дауыс маңызды рөл атқарып жатады.

Junior Eurovision байқауына еліміз осымен үшінші мәрте қатысып жатыр. «Хабар» агенттігінің Еуропа хабар тарату қауымдастығына мүше болуымен қазақ өнерінің өкілдері әлемдік деңгейдегі сайыста бақ сынауға мүмкіндік алды.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы