383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда тар табанды теміржолды жаңарту жұмыстары жүргізілді

  • 561
  • UPD: 15:24, 04.01.2017

Грузиядағы алғашқы және жалғыз тар табанды темір жолдың халыққа қызмет етіп келе жатқанына ғасырдан асты.

Боржоми қаласы мен таулы аймақтағы шаңғы тебуге арналған Бакуриани демалыс орнын жалғайтын жол ХІХ ғасырдағы теміржол техникасының ескерткіші сынды. Пойызға мінген жолаушы діттеген жеріне жайлы жетіп қана қоймай, таулы аймақтағы тылсым табиғаттың керемет көріністеріне қанығады.

Грузиядағы жалғыз тар табанды теміржолды халық «көкек» деп атап кеткен. Көпшілік үшін көненің көзі болған шойынжол қатынас құралы ғана емес, әсерлі аттракционға айналған.

Боржоми мен Бакуриани арасындағы тар табанды теміржолмен жиі қатынайтын жолаушылар үшін бағдарға жаңартылған пойыздардың берілуі ерекше оқиға болды. Ескіні әрлеп, қайта қалпына келтіру жұмыстарына 290 мың АҚШ доллары жұмсалған. Біткен іске баға беру үшін Грузия премьер-министрі де жаңарған пойыздың алғашқы жолаушыларымен бір вагонға отырды.

Георгий Квирикашвили, Грузия премьер-министрі:

- Бүгін Бакурианиде мереке. Демалыс орындарының бір бөлігіне айналып кеткен «көкек» пойызы толықтай қалпына келтіріліп, қолданысқа берілді. Бұл пойыз демалушылар үшін ғана емес, осы аймақтарда қоныстанған тұрғындар үшін де маңызды рөл атқарады.

Грузияда тар табанды теміржол 1898 жылы салынды. Негізгі мақсат Бакуриани тұрғындарының Боржоми қаласындағы минералды шикізаттарға оңай жетуі еді. Екі араның қашықтығы небәрі 38 шақырым. Алайда таулы аймақтағы қыраттар мен ойпаттардың көп болуына байланысты «көкек» пойыз 12 сағат жүреді. Дегенмен жолаушылар бүгінге дейін табиғаттың кереметтерін тамашалау үшін жүйткіген автокөлікке мінбей, арнайы осы теміржолды таңдайды. Оған тағы бір себеп пойыз әйгілі Эйфель мұнарасының авторы Гюстав Эйфель құрастырған көпір үстімен өтеді.

Темури Тедиашвили, машинист:

- Менің осы жұмысты істегеніме 42 жыл өтті. Әрине, тау арасы болғандықтан қиын бұрылыстар көп болады. Сондықтан діттеген жерге жеткенше жолдан көз алмай мұқият қарап отырамыз. Әсіресе қар қалың түскенде қауіпті. Бірақ тәжірибе көбейген сайын қорқыныш сейіліп, өзіңді сенімді сезінесің.

Грузияның теміржол департаментіндегілер алдағы уақытта «көкек» пойызды ұлттық мәдени мұралар тізіміне қосуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Анна Анастасиади, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы