386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ирактағы Мосул қаласы лаңкестерден азат етілді

  • 473
  • UPD: 16:29, 10.07.2017

«Ирак пен Левант лаңкестік тобының» содырларына қарсы күресте ірі жетістікке қол жетті. Иракта атышулы ұйымның бейресми астанасы саналатын Мосул толығымен жаудан тазартылып, үкімет жасағының бақылауына өтті.

Жергілікті халықтың қуанышында шек жоқ. Ұзақ уақыт бойы үрейде өмір сүрген Мосул жұрты туған қаласының азат етілгеніне сенер-сенбесін білмейді. Елдегі екінші ірі шаһар 3 жыл бойы «Ирак пен Левант лаңкестік тобының» уысында болған. Оның жаудан арылғаны жайлы хабарды тек Мосул халқы ғана емес, өзге де аумақ тұрғындары зор қуанышпен қабылдады.

Ум Хайдар, Бағдат тұрғыны:

- Біз мұны әрбір Ирак тұрғынының, әрбір ана мен әрбір батыр ұлдың жеңісі деп білеміз.

Амер Талеб, Бағдат тұрғыны:

- Жеңіс құтты болсын! Біздің қуанышымызда шек жоқ. Мосулдан келген ақпаратты естіп, бойымызды мақтаныш сезімі кернеп кетті. Мосул жұртшылығына қолдау көрсету үшін осы алаңға шықтық.

Әскерилерді жеңісімен құттықтау үшін қалаға Премьер-министрдің өзі келді. Негізі Мосулды азат ету шарасы шамамен 9 ай бойы жүргізілген. Оған үкімет жасағы мен күрд жауынгерлері қатысты. Сарбаздарға АҚШ бастаған халықаралық коалиция әуеден соққы беріп, қолдау көрсетті. 9 ай ішінде 1300 экстремистің көзі жойылған. Бейбіт халық арасында да адам шығыны аз емес. 4 мыңнан астам тұрғынның опат болғаны белгілі. Ал қақтығыс кезінде қаза тапқан жауынгерлердің саны 30 мыңға жуықтайды.

Абдул аль-Саади, Ирак қарулы күштерінің генерал-лейтенанты:

- Ирак пен Левант лаңкестік тобымен күресіп келе жатқанымызға 3 жылдан асты. Осы уақыт ішінде талай елді мекен жаудан тазартылды. Арасында Байджи, Тикрит, әр-Рамади, аль-Фаллуджа қалалары бар. Солардың қатарына Мосул да қосылып отыр.

Қазір жауынгерлер миналарды залаласыздандырумен айналысып жатыр. Қаскөйлер шаһардан сытылып шықпас бұрын оларды көптеп қойып тастаған. Негізі, 3 жыл бойы елді мекенді уысында ұстаған содырлар ойына келгенін істеп бақты. Атыс-шабыстан жергілікті әуежай, вокзал, университет, аурухана, мектептер мен жолдар бүлінді. Жергілікті билік мұның бәрін қалпына келтіру оңайға соқпайды дейді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жұмыстарға кемі 5 жыл және миллиардтаған доллар кетуі мүмкін.

Махир Абу Омар, жергілікті тұрғын:

- Енді билік қаланы қалпына келтірумен айналысуы тиіс. Өйткені мұнда бүлінбеген ғимарат қалмаған шығар. Инфрақұрылымнан бөлек халықтың жағдайына да көп көңіл бөлу керек. Өйткені Мосулда екі қолға бір күрек таппай жүргендердің қарасы өте көп.

Мосаб Абдулла, жергілікті тұрғын:

- Күштік құрылым өкілдеріне алғысымыз шексіз. Аман қалғанымыз солардың арқасы. Халық қауіпсізігі үшін алаңдамаса болады. Алайда толғандыратын басқа да мәселелер жетіп артылады. Мәселен, Мосулда құбырлардың көбі бүлінген. Яғни таза ауыз су тапшы. Сондай-ақ халықтың дені жарықсыз отыруға мәжбүр.

Атышулы ұйымның Ирактағы бас тірегі азат етілді. Енді көрші Сирияда осы топтың бейресми астанасы Ракка үшін шайқас жалғасып жатыр. Сарапшылар онда да лаңкестердің жеңілетініне күмән келтірмейді. Алайда соның өзінде де жаудың тізе бүгуі екіталай дейді. Содырларың жартысы тауға қашып, сонда жасырынуы мүмкін деген күдік бар. Сондай-ақ жердегі халифатынан айырылған экстремистер әлеуметтік желілер арқылы ықпал етуін күшейте ме деген күдік сейілмей тұр. Осы ретте халықаралық қауымдастық ғаламтордағы бақылауды күшейтуге шақырып отыр. 

 Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсем Хасенқызы

Хабар 24 телеарнасы