387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҮЕҰ Италияның «Теңіз кодексіне» қол қоймады

  • 495
  • UPD: 09:17, 02.08.2017

Францияның «Мүмкіндігі шексіз дәрігерлер» және немістің «Жастар құтқарады» атты үкіметтік емес ұйымдары «Теңіз кодексіне» қол қоймады. Италия үкіметінің бұл заңы Жерорта теңізіндегі келімсектерді құтқарушы гуманитарлық ұйымдарға арналған нұсқаулық іспетті. Жаңа кодекс кемелерге Ливия аумағына енуге, алақол саудагерлермен байланысуға тыйым салып, бортына полицияның кіруіне кедергі келтірмеуге міндеттейді.

Бұған дейін үкіметтік емес ұйымдарға теңізден заңсыз өткісі келетін мигранттарды қолдайды деген сын айтылған еді. Енді Италия үкіметі кодекс шартымен келіспеген ұйымдарды құтқару жұмыстарынан шеттетпек. Осылайша еріктілер келімсектерді жағалауға да түсіре алмайды.

«Мүмкіндігі шексіз дәрігерлер» ұйымының италиялық бөлімшесінің бас директоры «Теңіз кодексіне» қол қоймауының себебін түсіндіре келе, бортта тәртіп сақшыларының емін-еркін жүруіне, яғни қару-жарақтың болуына бейжай қарай алмайтындығын айтты.    

Габриеле Эминенте, «Мүмкіндігі шексіз дәрігерлер» ұйымының италиялық бөлімшесінің бас директоры:

– Бірінші кезекте кодекстің бағытын өзгерту туралы өтінішіміз қараусыз қалды. Біз заңның құтқару жұмыстарын күшейту бағдарын ұстанғанын қалаймыз. Жаңа ереженің гуманитарлық қағидаттарға негізделгені дұрыс. Алайда жағдай ойдағыдай болмағандықтан, келісімге қол қоюдан бас тарттық.

Валерио Нери, «Балаларды құтқарыңдар» гуманитарлық ұйымының италиялық бөлімшесінің бас директоры:

– Біз кемеміздің теңіздегі шұғыл қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында кодекске қол қойдық. Және ешқандай мәселені көріп тұрғанымыз жоқ. Балалар мен жасөспірімдердің мүддесін қорғап, оларды суға кетуден аман алып қалғымыз келеді.

Хабар 24 телеарнасы