383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлыбританиядан ежелгі көшпенділерге тиесілі белгі табылды

  • 691
  • UPD: 12:43, 22.10.2017

Британиялық аралдар мен Ұлы дала елі арасында тарихи байланыс болған. Ғалымдар ежелде ағылшын әскерлері құрамында көшпелі тайпалардың өкілдері де болған деп отыр. Оған Ұлыбританияның Рибчестер ауылында табылған ежелгі скифтердің белгісі дәлел.

Бұл көне жәдігер көлемі шағын көрінгенімен, тарихи тұрғыда өте құнды дүние. Мұражай қызметкерлері оны көздің қарашығындай күтіп, арнайы қолғаппен ғана ұстап көрсетеді. Бұл тамғаны 70-жылдары ғалымдар тобы археологиялық қазба кезінде Рибчестер ауылынан тапқан екен. Экспонат ежелгі скифтердің, сарматтардың немесе басқа да көшпелі тайпалардың рулық және отбасылық белгісі болуы мүмкін, ал олар сәйкесінше біздің дәуірімізге дейін 241 жылы ағылшын Королі Артур әскерінің құрамында болған деген болжам бар. Тамға қорғасыннан жасалған және оның майысқан сәндік үлгідегі пішіні бар.

Патрик Тостевин, Рибчестер мұражайының жетекшісі:

- Орталық Еуропа мен Азиядан табылған ұқсас мысалдарға сүйене отырып, бұл жәдігердің Орталық Азияға қатысы бар деген шешім қабылданды. Ол дүниелердің арасында ортақ бір байланысы жоқ емес. Әлбетте олар бірегей және дәлме-дәл ұқсастығы жоқ. Бірақ жалпы пішінінде үйлесім көрер көзге бірден байқалып тұр.

Рибчестер Рим ескерткіштерінің мұражайы 1915 жылы ашылған. Бұл осы ауылдан табылған құнды жәдігерлердің сыртқа тасымалдануын тоқтату үшін жасалған әрекет. Өйткені сол кезде-ақ Рибчестер айрықша тарихи құндылығы бар мекен саналғаны белгілі. Айта кету керек, ауыл Англияда, Рибл өзенінің бойында орналасқан. Рибчестердің тарихы өте тереңде жатыр. Мұнда бұрын Рим кавалериясы мен римдіктер қоныстанған. Мұражайға келушілер осы тамға арқылы Қазақ еліне, Ұлы даланың тарихы мен әлемдегі бүгінгі орнына деген ерекше қызығушылық пайда болғандығын айтады.

Шэрон Томлинсон, мұражай қонағы:

- Бұл бітімі бөлек бірегей экспонат. Әлбетте әлі де ол туралы көбірек білгім келеді. Бүгін көргелі бері сіздердің елдеріңіз бен Орталық Азия мәдениеті туралы таным көкжиегімді кеңейткім келеді.

Мұражай қызметкерлері екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс артып, британиялық аралдар мен ұлы дала елі арасы жақындай түсетінін айтады. Тарихи өткенімізді одан әрі терең зерттеу үшін қазақстандық мұражайлармен ортақ жұмыстар атқару да жоспарда бар. Олар осылай дейді. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы, Ұлыбритания

Хабар 24 телеарнасы