386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемге аты мәлім аяқдопшы Тбилиси қаласының әкімі болып сайланды

  • 533
  • UPD: 16:04, 22.11.2017

Италиялық «Миланның» сапында ойнаған, әрі Грузияның энергетика жөніндегі экс-министрі, ЕХРО 2017 көрмесінің беделді қонағы Каха Каладзе өзін жаңа қызметте сынап көрмек.

Ол қазан айының соңында өткен мэр сайлауында жеңіске жеткен еді. Қазір Грузияның астанасындағы күрмеулі мәселелерді шешуге белсене кіріскен. Ал бұқаралық ақпарат құралдары оған «Тбилисидің 16 ғасырлық тарихындағы ең ерекше мэрі» деген атақ та беріп үлгерді.

Тбилисидің орталығындағы батырлар алаңында орналасқан мына жер асты өткелін жұрт айналып өтеді. Себебі жарық жоқ. Әрі лас, иісі де жағымсыз. Соның кесірінен адамдар көлденең жолды кесіп өтуге асығады. Бұл қауіпсіз де емес әрине. Ал қаланың жаңа басшысы бұл мәселені шешудің өзгеше жолын ұсынды. Көше суретшілерін жинап, жерасты өткелінің қабырғаларын боятты. Ал кешкісін коммуналдық қызметшілер алаңды тап-тұйнақтай қылып тазалап шықты.

Kaха Каладзе: 

– Қазір біз батырлар алаңындағы жер асты өткелінде тұрмыз. Жағдайды пайдаланып, тазалау жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көрсетейін. Жарық шамдарын да орнатып жатырмыз.

Бүгінде қаптаған көлікпен қабаттасып, жолды кесіп өтуге үйренген жұрт жер асты өткелімен жүреді. Суретшілердің өз қуанышы бар. Көп елдерде қабырғаға сурет салу қылмыс болып саналса, мұнда олар өз туындыларын Тбилиси тұрғындарының назарына еркін ұсына алады.

Наталия Лабарткава, суретші:

– Қала тұрғындарының барлығы менің өнерімді тамашалайтынына өте қуаныштымын. Бұл кез келген көрмеден жақсы. Ең бастысы, бұл үшін бізге ешкім айыппұл салмайды. Жаңа мэрдің бастамасын қуана-қуана қолдаймын.

Шаһар басшысы қоғамдық көлікті де қомсынып отыр. Ескі автобустар жолаушы тасымалдауға жарамсыз. Каладзенің айтуынша, алдағы 4 жылда автотұрақ толығымен жаңартылады. Тбилиси мэрі сондай-ақ бей-берекет және апатты жағдайда тұрған кешендердің де көзін жоймақ ниетте.

Тбилиси тұрғындары футболшының қала басқарып, елдің жоғын жоқтайтынына шүбә келтіргені анық. Дегенмен Каха Каладзенің жаңашыл әрекеттері мен батыл қадамдары келе-келе күдікті арылтатын тәрізді.

Авторлары: Анна Анастасиади, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы