384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде өлім жазасы туралы заңның төңірегіндегі дау-дамай басылар емес

  • 619
  • UPD: 08:50, 10.01.2018

Израильде парламент қарауында жатқан «Өлім жазасы туралы» заң төңірегіндегі дау-дамайлар басылар емес. Жаңа құжатты біреулер жақтаса, енді бірі оның қажеттілігіне күмәнмен қарайды.

Кнессет «Өлім жазасы туралы» заңды бірінші оқылымда бекітті. Құжатты 52 адам қолдаған, ал 49 депутат қарсы шыққан. Соңғы жылдары парламент қабылдаған шешімдер төңірегінде, билік пен оппозиция өкілдерінің арасында дәл мұндай қарама-қайшылық бұрын болмаған еді. Әзірге билікті жақтаушылар басым болып тұр.

Авигдор Либерман, Израиль қорғаныс министрі:

- Лаңкестік ұйымдарды қорғап, өлім жазасы туралы заңды сынап жатқандар бізге кедергі келтіре алмайды. Біз бұл заңды қабылдаймыз.

Өлім туралы заңды қолдаушылардың айтуынша, арнайы қызмет пен әскерилер лаңкестердің көзін жойғанда онсыз да өлім жазасын қолданады. Бірақ ол тергеу мен сотсыз жүзеге асырылады. Енді барлығы заңды түрде болуы керек. Сот процесі, айыпталушыны қорғау, оған айып, бәрі заңмен орындалуы тиіс.

Айта кетейік, Израиль заңнамаларында адамзатқа қарсы жасалған қылмыстар үшін өлім жазасын көздейтін тармақтар бар. Алайда бұл шара іс жүзінде қолданылмайды. Құжатты жақтаушылардың пікірінше, көптеген лаңкестің жасап жатқан айуандығы үшін оларды өмір бойына бас бостандығынан айыру тым жеңіл.

Жалпы бұған дейін Израиль мемлекетінің тарихында өлім жазасы екі рет қолданылған. Ең алғаш 1948 жылы әскери соттың шешімімен мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен офицер Меир Тувинский  атылған. Бірақ кейінгі тексерулер нәтижесінде оның бұл қылмысқа мүлдем қатысы жоқ екені дәлелденген. Ал екінші өлім жазасы 1962 жылы тіркелді. Ол кезде Моссад тыңшылары Холокостты ұйымдастырушылардың бірі Адольф Эйхманды Аргентинадан ұрлап әкеліп, Израиль сотының шешімі бойынша дарға асқан. Содан бері өлім жазасы қолданылған жоқ.

Бұл бастамаға қарсы тараптың қатарында көптеген заңгер де бар. Олардың айтуынша, өлім жазасына үкім шығару барысында соттың қателесуі әбден мүмкін. Оған Тувинскийдің ісі айқын дәлел. Сол себептен жазықсыз жанды ажалдан арашалау үшін өлім жазасына жол бермеу керек. Сондай-ақ  олардың айтуынша, өлім жазасы қылмыскерлерді, әсіресе лаңкестерді тоқтата алмайды.

Александр Гамбарян, қорғаушы:

- Жазаның ауырлығы мен оның тиімділігі арасындағы байланысты анықтайтын ешқандай да зерттеулер жоқ. Айта кетейін, әлемде ешбір ел өлім жазасын енгізу арқылы оң нәтижеге қол жеткізген емес.

Израильде өлім жазасын орындайтын механизм де, мамандар да жоқ. Ең қызығы оған арнайы қызметтер де қарсы. Олар: «Бұл лаңкестерге Израиль тұрғындарын ұрлап әкетуге қосымша себеп болады», – деп отыр. Себебі өлім жазасына кесілген үзеңгілестеріне кепілдерді айырбастауға тырысады. Оның үстіне Еуроодақ бұл заңға түбегейлі қарсы. Дегенмен көптің талқысына түскен құжаттың тағдырын енді  Израильдің жоғарғы соты шешеді.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы