377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемнің ірі мұнай трейдерлері келісімшарттарын юаньмен жасап жатыр

  • 802
  • UPD: 20:10, 29.03.2018

Шанхай биржасында мұнайдың юаньмен саудалануы шикізат экспорттаушы елдер үшін үлкен қызығушылық тудырды.

Тек бірінші сессияда 62 миллион баррель мұнайдың келісімшарты жасалды. Бұл – 27 миллард юань немесе 4 миллард АҚШ долларына жуық. Қытай ақшасымен келісімшарт жасағандар арасында ірі мұнай трейдерлері Trafigura, Glencore және Freepoint Commodities бар.

Сонымен, әлемдік мұнай нарығында жаңа аббревиатура пайда болды. INЕ – Шанхай халықаралық энергетикалық биржасының фьючерсі қысқаша осылай аталады. Сарапшылар: «Қытайдың мұнайды өз валютасымен сатқысы келуі заңды. Өйткені ол – әлемдегі ең ірі мұнай тұтынушы ел», – дейді. Ал қара алтын экспорттаушы елдер болса бұған қарсы емес. Ресми дерек бойынша, Қытай мұнай импортында да әлемде көш бастап тұр. Былтыр шығыс көршіміз 610 миллион тонна пайланса, соның 420 млн тоннасын сырттын сатып алған.

Лю Диан, қаржылық зерттеу институтының сарапшысы:

- Шикі мұнайдың қытай ақшасымен сатыла бастауы – оның халықаралық валютаға айналғанын көрсететін маңызды оқиға. Мұнай саудасы тек тұрмыстық тұтынумен ғана шектелмейді, оның астарында саяси, әскери, стратегиялық терең мән жатыр. Бұған дейін шикі мұнай саудасында АҚШ доллары жетекшілік етіп келді. Соның жетегіндегі айырбас жүйесінде жүрдік. Көптеген дамушы мемлекеттердің таңдау құқығы болмады. Енді оған балама табылды.

Шанхай халықаралық энергетикалық биржасындағы сауда-саттықтың алғашқы минутында мұнай баррелі 440,20 юаньға бағаланды. Бұл – 69 доллар 71 цент. Қазір әлемдік нарықта әдеттегі фьючерстердің бағасы да дәл осындай. Сарапшылардың айтуынша, бұл келісімшарт инвесторлардың қызығушылығын тудырса, Қытай болашақта мұнай нарығының жаңа орталығына айналуы әбден мүмкін. Оған қоса Қытайдың шикізат фьючерстерін іске қосуда тәжірибесі мол. Мәселен, 2015 жылы никель және алтын келісімшарттары бойынша сауда-саттықты сәтті өткізді. Шанхай халықаралық энергетикалық биржасы мұнай жеткізуді Оман, Катар, Йемен, Ирак және Шығыс Қытайдағы порттар арқылы жүзеге асырады. Ал тасымалданатын қара алтын Чжэцзян, Шаньдун, Гуандун, Ляонин сияқты жағалау мен Шанхай портындағы 7 қоймада сақтайды. Қазір әлемдегі ең ірі мұнай бенчмарктері Нью-Йорк қор биржасы мен Лондон биржасы саналады. Сарапшылардың пікірінше, Қытайдың осы қатарда болатын толық мүмкіндігі бар.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жан Сүй

Хабар 24 телеарнасы