380,91 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильдегі егіс алқаптарын алапат өрт шарпыды

  • 483
  • UPD: 15:22, 09.08.2018

Израильдің оңтүстік аумағы отқа оранды. Орман-тоғай, егістік пен саябақтарды түгелімен тілсіз жау шарпыды.

Ал мамандар бұл жағдайдың бәрі қолдан жасалғанын айтып, дабыл қағуда. Салдарынан ел экономикасына қомақты шығын келді.

Миха Бен-Гилель жұбайымен бірге қазір қол қусырып үйде отыр. Жүгері өсірумен айналысқан диқандар жұмыссыз қалды. Себебі оларға тиесілі егістік алқаптары өртеніп кетті.

Миха Бен-Гилель, Нирам кибуцының тұрғыны:

- Егістіктердің өртеніп жатқанын көріп, жүрегім ауырады. Израильде  ауа райы қолайсыз, сондықтан мұнда егін шаруашылығымен айналысу тиімсіз. Біз жүгері өсіру үшін көп күш салдық. Енді еңбегіміз бір сәтте күлге айналды.

Күлге айналған аумақ он шаршы шақырымға жуықтайда. Өрт сөндірушілер тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Шығын көлемі де бірнеше миллионнан асты. Бірақ үкімет шығынды өтеп беруге уәде берді.

Бұл өрт табиғи апат емес. Оны көршілес Газа секторындағы палестиналықтар қойып отыр.

Наразы топ Израильге қайтқысы келіп, күнделікті ереуілге шығудан шаршады. Ал Израиль билігі арабтарды елге жібермегендіктен олар осындай әрекетке барып отыр.

Хасам Бадрун, Хамас ресми өкілі:

- Біз өзіміздің адамдарымызды қолдап, оларға бағыт-бағдар беріп отырамыз. Алдымызға қойып отырған мақсатымызға қол жеткізу үшін барымызды саламыз. 

Ал жергілікті халықтың шыдамы әбден таусылды. Соңғы 15 жыл бойы жалғасып келе жатқан соғыс аяқталар емес. Бірақ билік тарапынан бұл мәселені шешу үшін әлі ешқандай әрекет жасалмады.

Александр Риман, Сдерот қаласының тұрғыны:

- Хамас өзінің стратегиясын әзірледі. Ал бізде еш жоспар жоқ. Министрлер бір ауыздан шешім қабылдай алмай отыр. Біреулері соғыс жолын таңдаса, басқалары Газадағы экономикалық ахуалды жақсарту қажет дейді. 

Енді Хамас пен Израиль алдағы 5 жылға бітім жасауды жоспарлап отыр. Алайда мұндай келісім шарттар бұған дейін де талай рет қабылданды. Көп уақыт өтпей, олардың басым бөлігі мерзіміне дейін өз күшін жойған. 

Авторы: Сергей Ауслендер

Редакциядан: Кибуц - бұл Израиль аумағындағы халықтың ерікті түрде біріккен топтары. Бұл топтың бүкіл жиған-тергені мен табысы оның мүшелерінің арасында тең түрде бөлініп отырады. Кірісті тең бөлумен қатар бұл топ жүргізген шаруашылықтағы еңбекті де адамдар тең дәрежеде атқарады. Яғни барлығы теңдікке негізделген. Шаруашылық негізінен жер өңдеу және ауыл шаруашылығымен байланысты болады. 

Айта кету керек, мысалы, егер кибуцтың мүшесі сырқатқа шалдықса, оның емделуі үшін ақша осы топтың ортақ бюджетінен бөлінеді.

Хабар 24 телеарнасы