423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-та мемлекеттік органдардың жұмысы қайтадан тоқтатылуы мүмкін

  • 943
  • UPD: 19:52, 11.02.2019

Республикалықтар мен демократтардың соңғы келіссөзі тағы да сәтсіз аяқталды. АҚШ президенті Дональд Трамп Мексикамен арада қорған салу идеясынан бас тартар емес. Және ол үшін мемлекеттік бюджеттен 5,7 миллиард доллар сұрағаны да белгілі. Демократтар қырсық президенттің дегеніне көнді. Бірақ, қазынадан тек 2 миллиард доллар қаржы бөлеміз дейді. Сондай-ақ демократтар шекарадан заңсыз өткен мигранттардың барлығын емес, тек қылмысқа қатысы барларды ғана тұтқынға алуды ұсынды.

Демократтар мен кеден комитетінің басшылары ортақ келісімге келе алмайды. Себебі олар Америкаға өте қажетті қорған үшін аз соммадағы қаржыны бөлмек. Енді тіпті елге заңсыз өткен қылмыскерлерді тұтқынға алмауды ұсынып отыр.

Ашу қысқан Дональд Трамп әзірге тек твиттерде мәлімдеме жасады. Дегенмен сарапшылардың айтуынша мұның соңы қайта шатдаунға әкелуі мүмкін. Ал, бұл арада Нью-Мексико штатының губернаторы Мишель Лужан Гришамның қорған салу идеясына қарсы түсірген бейнеролигі қызу талқыға түсіп жатыр. Алдымен үзіндіге көз жүгіртейік.  

Менің есімім Мишель Лужан Гришам. Нью-Мексико штаты жұмыспен қамтуда 49 және білім беру бойынша 50-орында. Бұл мәселеде өзгерістер енгізу үшін кедергілерді бұзуымыз қажет. Инфрақұрылымды қайта жаңғырту мақсатында мен жекеменшік және қоғамдық әріптестікті құруды ұсынамын.  Білім беру деңгейін жақсартуымыз қажет. Және  Трамптың «қорған құру» идеясына қатысты пікірім мынадай.

Дәл осылайша демократтар мен штат губернаторлары қаржыны қорғанға жұмсағанша, елдің жағдайын жақсартайық деп отыр. Десе де, АҚШ азаматтарының кейбірі Трамптың бастамасын қолдайды. Екі елдің шекарасына жиналған тұрғындар тірі қорған тізбегін жасап, заңсыз көші-қон мен есірткі саудасынан шаршағандықтарын жеткізді.

Энтони Агеро, АҚШ азаматы:

- Біз бұл акцияны әдейі ұйымдастырдық. Мұнда қорған болмағандықтан осылайша өзіміз елді қорғауымызға тура келіп отыр. Себебі шекарадан есірткі өтіп, адам саудасының өршіп тұрғандығы салдарынан ел тұрғындары бейбіт өмір сүре алмайды. 

Бұл акция мигранттар керуенінің шекараға келуіне орай арнайы ұымдастырылған. Соңғы деректер бойынша Латын Америка елдерінен 2000 мигрант Пьедрас-Неграс қаласына жиналған. Гондурастықтар мен сальвадорлықтар Америкадан баспана сұрап отыр.

БЛИЦ:

- Гондураста өмір сүру өте қиын. Біріншіден, онда жұмыс жоқ. Екіншіден, өте қауіпті ел. Әсіресе әйелдер үшін. 

- Біз отбасымыз үшін жақсы өмір іздеп келдік. Сальвадорда ол мүмкін емес. 

Бұл арада АҚШ шекарашылары Аризона штатында ел аумағына заңсыз өтпек болған 325 мигрантты ұстады. Олардың 182-сі кәмелетке толмаған балалар. Бұл туралы «Нью-Йорк Пост» газеті хабарлады. Басылымның жазуынша, босқындар суықта жылынбақ болып, от жағып отырған кезде қолға түскен.

Хабар 24 телеарнасы