380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бельгияның федералды сайлауына 5 тілді жетік меңгерген Қазақстанның тумасы түспек

  • 364
  • UPD: 15:41, 24.05.2019

Еуропада одақ парламентінің құрамына кіретін депутаттардың сайлауы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бельгияда жалпыеуропалық сайлау елдің федералды парламент өкілдерінің палатасының сайлауымен қатар келді. Екеуі де мамырдың 26-сы күні өтеді. Бельгияның федералды сайлауына Қазақстанның тумасы Назгүл Балмұханова да түседі. 

2014 жылы өткен соңғы федералды парламент сайлауына ондаған партияның 150 өкілі түскен еді. «Фламандияның либералдары мен демократтары» мандаттың төрттен бір үлесіне иелік етті. Биылғы саяси додаға әлгі партияның атынан Қазақстанның тумасы Назгүл Балмұханова да түсті. Назгүл – Қарағанды облысы, Жаңарақа ауданының тумасы. Қарағандының кооператив институтын тәмамдаған. Тағдырдың жазуымен ол Бельгияға көшіп келеді. Тұрмыс құрған, бір ұл мен бір қызды тәрбиеледі. Екеуінің де жоғары білімі бар, корольдікте қызмет етеді. Бельгиядағы өмірі мұндағы мемлекеттік тілдерді меңгеруден басталды. Нидерланды және француз тілінен бөлек, неміс тілі де бұл елде ресми тілдердің қатарында. Қазір ол тілге жетік, білікті маман. Өзге елдің саяси өміріне белсене араласқанымен, туған елмен байланысын үзген емес. 

Назгүл Балмұханова, федералды парламенттің депутаттығына үміткер /Бельгия/

– Бельгияда 20 жылдан бері өмір сүріп келемін. Мен ревизорлық кеңседе жұмыс істеймін, әрі аудармамен айналысамын. Бұл сайлауға түсу үш ұйықтасам да түсіме кірмеді. Өткен күзде қалалық сайлауға түскенім рас. Бірақ осымен болды деп ойлап едім. Алайда наурыз айында электронды поштама қаржы министрінің атынан хат келді. Онда «біз сізді өкілдер Палатасына алтыншы орынға өткізуді ұйғардық» деп жазылған. Өтемін деген үміттемін. Бірақ өтпесем де мойымаймын. Бұл мен үшін тамаша саяси тәжірибе болмақ.  

Назгүлдің партиялас әріптесі, Брюссельдегі «Әлеуметтік көмек орталығының» төрағасы Стефан Корнелис парламенттік сайлауға түсу үшін 30 жылдан бері аянбай еңбек етіп келген. Оның пікірінше, сайлаушылардың парламенттегі өкіліне айналу үшін төзімділік керек.

Стефан Корнелис, Парламент депутаты:

– Назгүл – өте еңбекқор адам. Ол осы қоғамға сіңіп кеткен, 5 тілді біледі. Керемет аудармашы. Оның жүргізіп жатқан сайлауалды науқаны нақты міндеттерді шешуге негізделген. Бұған дейін де ол аймақтық сайлауда жақсы нәтиже көрсеткен. Партиямыздың тізіміне енгізу оңтайлы шешім болды.

Депутаттықа үміткер Назгүл Балмұханованың айтуынша, оның сайлаушылары – бала-шағасы бар отбасылы адамдар. Сондықтан өзінің сайлауалды науқанын осы мақсатты топқа арнап жасаған. Яғни осы санаттағы адамдардың мақсат-мүддесін қорғауды көздеп отыр. Ол сондай-ақ тілдерді меңгеру қажеттігін басымдыққа алған. Өйткені жақсы жұмысқа тұрып, қоғамға пайда тигізуде шет тілдерінің маңызын жақсы біледі.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы