384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Венесуэладағы жағдай күн санап ушығып барады

  • 369
  • UPD: 21:20, 24.05.2019

АҚШ тарапы Венесуэланы мықтап қыспаққа алайын деді. Алдымен бұл елдің экспорты ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп арнайы құжат дайындады.

Ізінше үкіметтің әрбір мүшесіне жеке-жеке санкция салатындығын айтты. АҚШ тарапының Николас Мадуро басқарып отырған үкімет  CLAP азық-түлік бағдарламасы арқылы қаражат жымқырып, ақша тауып отыр деген күдігі басым. Өйткені 2016ы жылы құрылған бұл жобаға бөлінген қаржыны министрлер Мадуроның жеке шотына аударып отырғанға ұқсайды. Осыған байланысты АҚШ-тың әділет және қаржы министрлігі қылмыстық іс қозғап, алдағы үш айда күдіктілерге шара қолданатынын жеткізді.

Николас Мадуро, Венесуэла президенті:

- Америка Құрама Штаттары негізсіз жала жауып, CLAP бағдарламасына қастық ойлап отыр. Бұл жоба 6 миллионға жуық отбасыға көмектесіп келеді. Вашингтонның санкцияларына қарамастан азық-түлік бағдарламасы өз жұмысын жалғастырады. Ұяттан безген Ақ Үй енді аш халықтың тамағын тартып алуға көшті.

Елдегі жағдайдың ушығуына байланысты бүгінгі күнге дейін 3,7 миллион венесуэлалық өзге елдерге қоныс аударған. Бұл орайда Колумбияның сыртқы істер министрі әлем елдерінен көмек сұрап, дабыл қағып отыр. Себебі күніне пана іздеп елден кеткен 63 мың венесуэлалықтың кемінде 2 жарым мыңы Колумбия аумағында қалып қояды екен. Бүгінде Каракастан қоныс аударған осындай мигранттардың саны 1, 3 миллионға жетті.

Карлос Холмс Трухильо, Колумбия сыртқы істер министрі:

- Соңғы уақытта Венесуэладан келетін мигранттар көбейіп барады. Бүгінде олардың саны 1 миллион 296 мың 552 адамды құрап отыр. Қысқа уақытта мигранттары көп Түркиядан кейінгі екінші орынға жайғастық. Біз оларды қуып немес қабылдамаймыз деп жатқанымыз жоқ. Керісінше әлемдік қауымдастықтан қаржылай көмек сұраймыз. Бізге тиімді серіктес керек.

Елді 4 ай бойы бөліске салғандардың талас-тартысы тоқтайтын емес. Салдарынан әлеуметтік дағдарыс өршіп барады. БҰҰ-ның соңғы есебіне сәйкес Венесуэла халқының 25 процентіне шұғыл көмек қажет. Құжатқа сай 30 миллион тұрғынның 3,7 миллионы бір үзім нанға зәру. Ал, 5 жасқа дейінгі балалардың 22% аштықтан әлсіреген. Ал, Мадуро әлеуметтік көмекке шектеу қойып отыр. Қайырымдылық ұйымдар тұрғындарға енді криптовалюта арқылы қол ұшын созбақ.

Лиз Тросселл, БҰҰ комиссары:

- Венесуэлада саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдай күн санап ушығып барады. Қарапайым, бейбіт тұрғындар зардап шегіп отыр. Азық-түлік, дәрі-дәрмек тапшы. Елден қашып жатқандар қаншама. Адамдарға халықаралық деңгейде қамқорлық керек.

Каракастың бүгінгі жағдайына ткіелей себепші - АҚШ санкциялары. Елдегі азық-түлік тапшылы мен тұрғындардың үдере көшуіне Вашингтон кінәлі. Венесуэланың Ресейдегі елшісі осылай дейді. Себебі АҚШ санкицялары салдарынан Венесуэла шаш-етектен шығынға батты.

Карлос Рафаэль Фариа Тортоса, Ресейдегі Венесуэла елшісі:

- Венесуэладағы дағдарыс - АҚШ-тың ісі. Олардың салған санкциясы 130 миллиард долларды құрады. Бұл қаражатқа Венесуэла тоғыз жыл тоқшылықта өмір сүретін еді. Сондай-ақ елдегі жарықтың болмауы, техниканың ескіруіне байланысты ақпарлар да анық емес. Электр желісіне жасалған кибершабуыл АҚШ-тың әрекеті.

Венесуэланың қазіргі президенті Николас Мадуро мен оның жақтастары осылайша АҚШ-ты айыптайды. Ал оппозиция көшбасшысы, өзін өзі президент жариялаған Хуан Гуайдо Вашингтоннан көмек сұрап әлек. Оның айтуынша, Венесуэланың қарыздары көбейгені соншалық алпауыт Сitgo мұнай компаниясының акцияларын банктер мен өзге елдер талан-таражға салып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы