389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сербия мен Косово арасы ушығып барады

  • 420
  • UPD: 20:39, 28.05.2019

Сербия мен Косово арасы соңғы күндері ушығып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сербия Президенті Александр Вучич әскерге кез келген жағдайға дайын болуға бұйрық берді. Бұған Косовода ондаған сербтің тұтқынға алынуы себеп. Атап айтқанда, Косовода қызмет ететін серб полицейлері мен бірнеше бейбіт тұрғын темір торға қамалған. Айта кетерлігі, кеше ғана Сербия басшысы Косовоны бұдан әрі бақылауда ұстау мүмкін еместігі жайлы мәлімдеген болатын.       

Приштина мен Белградтың бейбіт келісімге келуі жайлы айту әлі ерте сияқты. Жағдай тіптен ушығып барады. Бүгін таңертең Косовоның арнайы жасағы сербтер тұратын аймақта атыс ұйымдастырды.

Ресми түрде мойындалмаған Косовоның арнайы жасағы солтүстіктегі аймаққа басып кірді. Полицейлер 23 адамды тұтқындаған.

Тасс агенттігінің мәліметі бойынша, атыс кезінде екі серб жарақат алды. Жалпы Косовоға қарасты Митровица қаласының солтүстігінде этникалық сербтер көптеп шоғырланған. Осы жағдайға байланысты Сербия бірден үн қатты. Президент Александр Вучич үкіметте шұғыл жиын ұйымдастырып, әскерді төтенше жағдайға дайын болуға шақырды. Ескеретін бір жайт, бұған дейін де серб басшысы аймақаралық шиеленістің ушыға түсетінін айтып, дабыл қаққан еді.

Александр Вучич, Сербия Президенті:

– Косово мен Метохияға қатысты мәселенің шешілер түрі жоқ, тіпті бұған қатысты диалог қозғалмады. Мұны албандықтармен келісімге келудің маңызын ескерту үшін айтып отырмын. Албандықтармен келісім орнатылмаса, олар шабуылға көшуі мүмкін.

Айтқандай-ақ, косоволықтар батыл әрекетке көшкен тәрізді. Вучичтің мәлімдеуінше, Солтүстік Митравицадағы ондаған сербиялық тәртіп сақшысы тұтқынға алынды.

Осылайша Косово Митравицаны қорғайтын сербиялық тұрғындардан құтылмақ ойда, дейді Вучич. Ал НАТО-ға қарасты халықаралық миссия өкілдері бұл операцияның ұлтараздыққа еш қатысы жоқ дейді. Миссияның баспасөз хатшысы атап өткендей, Косовоның тәртіп сақшылары жемқорлыққа қарсы шараны іске асырып жатыр.

Винченцо Грасо, Косово мен Метохиядағы НАТО-ға қарасты халықаралық миссияның баспасөз хатшысы:

– Косово полициясы солтүстікте ғана емес, тұтас Косовода операциясын жүргізіп жатыр. Бұл шараны сербтерге қарсы ұйымдастырылды деу – қате. Ол – қылмысқа қатысы бар адамдарға қарсы өткізіліп жатқан операция. Жағдайды бақылауымызда ұстап отырмыз. Приштина әкімшілігімен де, Сербия тарапымен де байланыстамыз.

Мәлім болғандай, тұтқынға түскендердің арасында Ресей азаматы бар. Михаил Краснощенков – БҰҰ миссиясының Косоводағы уақытша әкімшілік ісі жөніндегі қызметкері. Бұл туралы хабарды ести салысымен Ресей тарапы оны дереу босатуды талап етті. 

Естеріңізге салсақ, он жылға созылған соғыстың нәтижесінде Сербияның Косово және Метохия автономдық аймағы 2008 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялады. Араға екі жыл салып, БҰҰ-ның халықаралық соты оны дербес мемлекет ретінде таныды. Алайда, алпыстан астам мемлекет Косовоны тәуелсіз ел ретінде әлі мойындаған жоқ.

Жалпы екі елдің ара қатынасын Еуропа да жіті назарда ұстап отыр. Мәселен, Ангела Меркель мен Эммануэль Макрон бірлесіп сәуір айында арнайы саммит өткізді. Жиын қос тараптың өзара диалог құруын көздеген еді. Алайда бұдан ештеңе өнбеді. 

Хашим Тачи, Косово президенті:

– АҚШ-тың қатысуынсыз ешбір келіссөз жүргізе алмаймыз. Өйткені бұл мәселеде Еуропаның да ойы бір жерден шықпай жатыр. Ұстанымдары әртүрлі Еуропа елдері алдымен өздері ортақ шешімге келуі тиіс. Содан кейін ғана Батыс Балқандағы түйткілді шешуге көмектесе алады.

Былтыр қарашада Косово кедендік тауар салығын 100 процентке күрт өсірген еді. Сербия билігі болса, әлгі салықты алдырмайынша, Косовомен ешқандай келіссөз жүргізбейтінін ескерткен. Жағдай сәт сайын ауысып жатқандықтан, әліптің артын бағуға тура келеді.

Хабар 24 телеарнасы