386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Меркельмен үзеңгілес әйел Еурокомиссия басшысы болып сайланды

  • 175
  • UPD: 23:13, 17.07.2019

Жалпы Жан-Клод Юнкердің орнын алмастырған Урсула фон дер Ляйен деген кім? Қайдан шықты?

Неге бұл саясаткер жайлы бұрынырақ естімегенбіз? Арнайы зерттеп көрдік. 60 жастағы Урсула Фон дер Ляйен алдымен 7 баланың анасы. Экономика мамандығын таңдағанымен, білімін ауыстырып медицина қызметкері дипломын алып шыққан. Ал билікке тек 43 жасында араласқан. Содан бері Ангела Меркель басқарған консервативті христиан-демократиялық партиясының құрамында. Бірнеше жыл бойы еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болған. Ал 2013 жылдан бері Германияның қорғаныс министрі лауазымына тағайындалған алғашқы әйел еді. Енді Еурокомиссияны да тізгіндейтін алғашқы әйел болғалы отыр.

Аннегрет Крамп-Карренбауэр, христиан-демократиялық партиясының төрағасы:

- Бұл тарихи дауыс беруде Урсула фон дер Ляйенның жеңіске жеткеніне қуаныштымын. Ол Еурокомиссяны басқаратын алғашқы әйел. Мақсаты айқын, тірлігі тиянақты. Әркім әртүрлі уәде беруі мүмкін. Бірақ, Урсула Одақтың бірлігін бекемдеп, мықты ұйымға айналдырары сөзсіз.

Осылайша жерлестері құттықтау жаудырып жатқанда Фон дер Ляйеннің бұл қызметке келгеніне көңілі толмағандар да табылды. Себебі Еурокомиссия – ЕуоКеңестің заңнамаларын ойлап табады, ЕуроОдақтың жылдық бюджетін әзірлеп, оның дұрыс жаратылу жолын қадағалайды. Ол дегеніңіз аз ақша емес. Мәселен, 2019 жылғы ЕуроОдақтың бюджеті 166 миллиард еуроны құраған. Наразы депутаттар осы қызметті жаңа басшының атқара алатынына сеніңкіремей отыр.

Йорг Мейтен, еуродепутат:

- Біз Урсула Фон дер Ляйеннің жаңа басшы болып тағайындалуына қарсымыз. Дауыс бермес бұрын да осыны айтқан едім. Неге дейсіз бе? Себебі ол Германияда әлеуметтік сала бойынша қызметін жақсы атқарған шығар. Ал, қазір бүкіл Одақтың жұмысын қалай алып жүреді? Қолынан келеді деп айта алмаймын. Өте жауапты жұмысқа қайдағы біреуді қоя салды. 

Сарапшылардың басым бөлігі де осындай пікірде. Көптеген саясаттанушылар мен БАҚ басылымдары Урсула Фон дер Ляйен Меркель мен Макронның қуыршағы дейді. Тіпті қызықты теңестіруде жасаған. Сиқырдың соңында қалпақтың ішінен шығатын қоянды осы жаңа басшыға балап жатқандар бар.

Сергей Уткин, сарапшы:

- Еурокомиссияның жаңа басшысы – өте маңызды тұлға. Дегенмен, тау қопарады деп айта алмаймын. Одаққа мүше елдер үшін Урсула жай ғана неміс саясаткері. Бұл өзгерісті көптеген мемлекеттер «уақыты келді, өзгерту керек» деп қабылдап отыр. Шынында, басшы ауысқанымен Одақта ешқандай өзгеріс болмайды.

Одан бөлек Еуроодақта әлі де жаңашылдықтар күтілуде. Бүгін Халықаралық валюта қорының басқарушысы Кристин Лагард отставкаға кетті. Мұндай қадам валюталық қордың басшысын тезірек сайлап алуға мүмкіндік береді. Себебі осыдан екі апта бұрын Еуроодақ көшбасшылары Лагардты Еуропаның орталық банкі басқарушы директорының қызметіне ұсынған еді. Еуропарламент депутаттары бұл таңдауды қолдаса Лагард орталық банкті басқарған алғашқы әйел атанады.

Хабар 24 телеарнасы