385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Гонконгте ереуіл өтіп жатқанына екі айдан асты

  • 124
  • UPD: 21:49, 22.08.2019

Гонконгтегі толқулар екі айдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Бұл жолы мыңдаған демонстрант теміржол стансасына жиылды.

Халық айтқанын қайтпай, биліктен экстрадиция туралы заң жобасын түбегейлі алып тастауды талап етуде. Бейбіт түрде басталған акция  бүлікке ұласты. Демонстранттар полиция қызметкерлерін тоқтату үшін түрлі өрт сөндіру құралдарын пайдаланып, айналаға өсімдік майын шашқан. Ашуға бой бергендер шаһар көшелерін жауып көлік қозғалысына кедергі жасады.

Исаак Ву, ереуілші:

- Гонконгтан тыныштық кетті. Бірақ біз де діттегенімізге жетпей оңайлықпен басыла қоймаймыз. Егер еркіндігімізден айырылсақ, Гонконг бұрынғы қалпына келе алмайды. Қайтсе де берілмеуіміз керек. 

Чан Шу-Фай, ереуілші:

- Қазір Гонконгте жүру қауіпті. Бұған полиция өкілдері кінәлі. Ереуілге жиналған жұрт тәртіп сақшыларымен қақтығысу үшін келген жоқ еді. Мұндағы әскерилер аймақта тыныштық сақтай алмайды. 

Гонконгтегі ахуалға Канада билігінің алаңдайтын жөні бар. Өйткені бұл әкімшілік ауданда 300 мыңға жуық канадалық тұрады. Кеше премьер-министр Джастин Трюдо бұл аймақтағы жағдайды жіті назарда ұстап отырғанын мәлімдеп, Қытай үкіметін халыққа күш қолданбауды талап етті. Ал Бейжің, ресми Оттава отқа май құйып отыр деп сөгіп, айдаладағы елдің Қытайдың ішкі мәселесіне араласпауын сұрады. Сондай-ақ Канада тарапы халықаралық заңды сыйласын деп өктем жауап қатты.  

«Гонконг-Қытайдың жері. Сондықтан мұнда туындаған барлық мәселелерді Қытай үкіметі өзі ғана шешеді. Өзге елдердің килігуіне жол берілмейді. Шет мемлекеттер мен саясаткерлерді халықаралық құқық ережелерін бұзбауға шақырамыз». 

АҚШ тарапы да аймақтағы ахуалға бей жай қарамайтынын айтып жағдайдың көп ұзамай шешілуінен үмітті екенін айтты. Сонымен қатар Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысының Гонконгқа еш қатысы жоқ деп мәлімдеді.  

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Қытаймен арадағы келіссөздер барысында Гонконгты ықпал ету  тетігі ретінде қарастырмаймыз. Біз бұл мәселеге мүлдем басқа қырынан қараймыз. Жалпы Гонконг пен Қытай билігі аймақтағы ушыққан жағдайды бейбіт жолмен шешеді деп сенемін.

Ал жуырда Лондон Гонконгтағы Ұлыбритания елшілігінің қызметкеріне іздеу салды. Ол тамыздың 9-ынан бері хабар ошарсыз кеткен. Артынша Саймон Чэнның Қытайда  қамауда отырғаны белгілі болды. Бұл ақпаратты Қытайдың сыртқы істер министрлігі ресми сайтында растады. Ведомствоның мәлімдеуінше, Саймон Чэн әкімшілік құқық бұзғаны үшін 15 тәулікке қамалған.  Осыған орай Гонконгтегі Ұлыбритания елшілігінің алдына ондаған адам жиналып ,биліктен британдық азаматты босатуды талап етті. 

Макс Чунг, ереуілші:

- Саймон тұтқындалған жалғыз адам емес. Ол сияқты тағы ондаған адам бар. Саймонды босату үшін Ұлыбритания билігі де араласуы керек деп есептеймін. Қытай билігінің кесірінен теміржол стансасында ондаған адамдар саяси көзқарастары үшін зардап шекті. Бұның бәріне жауап беретін уақыт жетті.  

Гонконгтағы ереуілдер ел экономикасына да кері әсерін тигізуде. Аймаққа ағылып келіп жататын туристер легін қазір көрмейсіз. Ресми мәліметке сәйкес осы айда шаһарға келген саяхатшылардың саны 31 пайызға азайған. Қонақүйлер де босап қалды. Сауда да жүрмей тұр.

Хабар 24 телеарнасы