387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дауыл, су тасқыны, жанартау... Әлем халқын табиғаттың тосын мінезі әбігерге салады

  • 188
  • UPD: 19:59, 30.08.2019

Жапония, Италия, Польша, Перу, Марокко, АҚШ секілді бірнеше елде табиғат апаттарынан мыңдаған адамдар зардап шегіп, талай жұрт баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды.

Бауыржан табиғат апаттары ондаған адамның өмірін қиды. Ал бірнеше елде ойран салған «Дориан» дауылынан жапа шеккендер жайлы ақпарат түскен жоқ. Бірақ мамандар дауыл сағат сайын күшейіп бара жатқанын айтады.

Америка құрама штаттарына «Дориан» сұрапыл дауылы жақындап барады. Болжам бойынша дүлей дауыл қыркүйектің 2-сі күні Мельбурн мен Майами арасында ойран салуы мүмкін. Қазірдің өзінде Дориан Кариб теңізінде мінез көрсетіп жатыр. Аймақта қатты жел тұрып, жауын жауып тұр. Таяуда «Дориан» дауылының Атлантика мұхитында күшейіп, құйынға айналған жайы бар. Ал Ақ үй басшысы Дональ Трамп өзінің іс сапарларын кейінге шегеріп, ел тұрғындарын қауіпсіздік шараларды сақтауға шақырады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Желдің екпіні өсіп барады. Апатқа дайын болғанымызбен жағдайдың қалай болатыны белгісіз. Тұрғындар қауіпсіздік шараларын сақтау керек. Қазір жел бір бағытта соғып тұр. Халықты барынша сақ болуға шақырамын.

Мамандардың айтуынша, «Дориан» құйыны Сент-Томас аралында ойран салып жатыр. Қазір желдің жылдамдығы сағатына 120 шақырымға дейін жетті. Болжам бойынша бұл көрсеткіш сағатына 200 шақырымнан да асып, ең жойқын дауылға айналуы мүмкін. Ал Флорида штатында осы аптада төтенше жағдай режимі жарияланды. Құтқарушылар болса сақадай сай отыр. Аймақта бірнеше әуе рейсі көкке көтеріле алмады.

Рон Десантис, Флорида губернаторы:

– Флорида штатының барлық округінде төтенше жағдай режимі жарияланды. Синоптиктердің болжамы ахуал көңіл көншітпей тұр. Барынша сақ болуымыз керек. Президент әкімшілігімен үнемі байланыстамыз. Олардың тарапынан көмек көрсетіліп жатыр.

Жапония тұрғындарын су тасқыны әбігерге салды. Апаттан Сага префектурасында 2 адам мерт болды. Сондай-ақ 1 миллионға жуық адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Құтқарушылар әлі де тұрғындарды эвакуациялап жатыр. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, аймақтағы барлық күріш алқаптары жарамсыз күйге айналды. Мамандар екі тәулікте жауын-шашынның бір айлық мөлшері түскенін айтады. Ал бұл теміржол қатынасын тежеп тастады.

Марокко да тасқынның зардабын шегуде. Оған толассыз жауған жаңбыр себеп болған. Салдарынан қала көшелерін су басып, шаһардағы көлік қатынасы тоқтаған. Аймақта табиғат апатынан 7 адам көз жұмды. Бұған қоса, ондаған баспана қирап қалған.

Ал Италияның Стромболи аралында жанартау оянып, жан-жағына от пен күлді атқылап жатыр. Әдетте бұл көріністі тамашалау үшін өңірге мыңдаған турист жиналатын. Алайда осы жолы жағдай өзгеше. Табиғат құбылысы өңір тұрғындары мен саяхатшыларды шошытса керек. Геофизика және жанартау-тану ұлттық институтының мәліметі бойынша жанартаудың атқылауы айтарлықтай қуатты болып тұр.

Франческа, турист:

– Қатты шошып кеттім. Әп-сәтте бойымды қорқыныш билеп әкетті. Содан балаларыммен бірге үш сағат бойы шіркеу ішінде отырдық. Себебі тастар құлап, айнала кенет қарайып кетті. Үйіміз түгел күл астында қалды.

Боливия, Перу мен Бразилияда орман өрті әлі де өршіп тұр. Тілсіз жаумен күресу үшін мыңдаған маман мен ерікті, сонымен қатар арнайы техника жұмылдырылды. Жалынды ауыздықтауға ауа райы кедергі келтіруде. Салдарынан өрт мыңдаған гектар орманды жерді тып типыл еткен.

Таяуда «Үлкен жетілік» самитінде бұл мәселе көтерілген болатын. Ізінше аймақтағы өртті өшіру үшін арнайы қаржы бөлінеді деген шешім қабылданған.

Хабар 24 телеарнасы