385,01 426,40 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия Сириядағы террорлық ұйымдардың 181 нысанына соққы жасалғанын хабарлады

  • 251
Түркия Сириядағы террорлық ұйымдардың 181 нысанына соққы жасалғанын хабарлады

Түркияның ұлттық қорғаныс министрлігі твиттердегі парақшасында Сириядағы Ефрат өзенінің шығысына қарай орналасқан террорлық ұйымдардың 181 нысанына соққы жасалғанын хабарлады.

Болжам бойынша, шекарадағы қақтығыстан 5 жергілікті тұрғын мен 3 әскери қаза тапты. Қазір әскери операция Рас-эль-Айн, Телль-Абъяд, Камышлы мен Дарбасия қалаларында қызу жүріп жатыр. Сонымен қатар «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымының содырлары қамауда отырған түрмеге де шабуыл жасалған. Түркияның күрдтерге қарсы әскери операциясын әлемнің бірнеше елдері қатаң сынға алды. Олардың ішінде Франция, Ұлыбритания мен Германия бар. Ал ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини Түркияны бір жақты шабуылды дереу тоқтатуға шақырды.

Федерика Могерини, ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:

– Жағдай ушықпай тұрғанда бір жақты шабуылды тоқтату керек. Әскери операция аймақтағы саяси дағдарыстың реттелуіне кедергі жасайды. Мәселені дипломатиялық жолмен шешкен дұрыс. «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымы Түркия үшін ғана емес, күллі Еуропа үшін де қатер екенін ұмытпауымыз керек.

Әскери іс-қимыл басталған аймақтардан жергілікті тұрғындар өзге жерге қашып жатыр. Анкара бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолға алынғанын айтады.

Естеріңізге салайық, «Бейбітшілік қайнары» деп аталатын операцияның мақсаты – аймақтағы террорлық ұйымдардың көзін құрту, сонымен қатар Ефрат өзенінің шығысын күрдтерден тазартып, шекарада Сирияның 2 млн босқыны үшін қауіпсіз аймақ құру.

Хабар 24 телеарнасы