376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемде әрбір тоғызыншы адам тойып тамақ ішпейді

  • 324
  • UPD: 22:22, 16.10.2019

Әлемнің 820 миллионнан астам тұрғыны, яғни әрбір тоғызыншы адам тойып тамақ ішпейді.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметі осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Мұның басты себептері – соғыс, климаттың өзгеруі және экономикалық дағдарыс», - дейді мамандар.

Аштық зардабын тартып жатқан елдердің қатарында Аргентина да бар. Оңтүстік Америкадағы бұл елде былтыр халықтың 32%-і кедей деп танылған. Оған ұлттық валюта – песоның девальвациясы мен инфляцияның жоғары деңгейі себеп. Бұл ретте ел сенаты төтенше азық-түлік көмегі туралы заңды мақұлдаған еді. Алайда халық мұның экономикалық дағдарысты еңсеруге жеткіліксіз екенін айтады.

Вивиана Эспиндола, ерікті:

- Сәуірде біздің «Қоғамдық ас үй» атты жобамыз басталғанда 20-30 бала тегін тамақтанатын. Қазір олардың саны 100-ден асады. Жағдайдың ушыққаны соншалық, тегін тамақтану жобасына ересектерді де қосуға мәжбүр болдық. Бірақ оларға аптасына бір рет қана кешкі ас ұсына аламыз. Әзірге қолдан келетіні осы.

Аргентина экономикалық дағдарыс салдарынан осындай күй кешсе, Сириядағы жағдайға шиеленіс себеп. Өткен аптада Түркия қарулы күштері елдің солтүстік-шығысында әскери операция бастағалы жағдай одан да бетер ушығып кетті. Өйткені қарулы қақтығыс салдарынан үй-жайын тастап, басы ауған жаққа босып кеткендер қатары артқан. Оларды қабылдау үшін Евфрат өзенінің сол жағалауында 8 лагерь ашылған. Қазір ондағы босқындар саны 100 мыңнан асып кетті. Лагерьді паналаған жұрт тойып тамақ ішпейтіндерін айтады. Ол аздай, мұнда А гепатиті мен ішек инфекциялары өршіп барады.

Марго Ван Дер Вельден, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының өкілі:

- Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Сирияның солтүстік-шығысындағы 550 мыңдай тұрғынға ай сайын көмек көрсетеді. Айта кететін жайт, пана іздеп, бас сауғалағандар саны да артып келеді. Соңғы мәлімет бойынша Сирияның атыс-шабыс жүріп жатқан өңірінен 160 мың адам босып кеткен. Біз бәріне бірдей көмек көрсеткіміз келеді. Бірақ олардың бір бөлігі ғана уақытша лагерьлерді паналауда. Қалғандары жақындарын сағалап жүр. Соңғы рет біздің ұйым 83 мыңнан аса босқынға азық-түлікпен көмек көрсетті.

Бүгінде азық-түлік дағдарысы Африка елдерін де жайлаған. Германия және Ирландиялық ұйым өкілдерінің бірігіп жасаған рейтінг көрсеткіші осыған саяды. Әлемнің аштық жайлаған 117 елінің рейтингін қазір, өкінішке қарай Орталық Африка Республикасы, Чад, Мадагаскар, Замбия елдері бастап тұр.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы