424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызыл жалын құрсауында қалған құрлық...

  • 1675
  • UPD: 17:36, 06.01.2020
Қызыл жалын құрсауында қалған құрлық...

Австралияда 4 айдан бері жалғасып жатқан өрт табиғатқа айтарлықтай шығын әкелді. Кейінгі ақпараттарға сүйенсек, млн гектардан аса жер күлге айналып, жарты млрд жуық жануар қырылып қалған.

Әсіресе, коалаларға қиынға соғып тұр. Қалталы аюлар тек осы елді мекендейді, әрі символы саналады. Ерекше қорғалады.

Табиғат жанашырлары апат салдарынан бұл жануарлардың саны 30 пайызға кемігенін айтып, дабыл қағуда. Бұдан бөлек, 480 млн жуық өзге де мақлұқ мерт болған.

Ұшқан құс, жүгірген аң ғана емес, адамдардың өздеріне де орасан қауіп төніп тұр. Билік таратқан ақпаратқа сәйкес, осы кезге дейін 23 адам опат болған. Мәселен, Виктория штатында 17 адамды туыстары әлі күнге таба алмай жатыр... Кейбір аймақтарда өрттің күштілігі соншалық, оны әуеден сөндіру мүмкін емес екен. Қиын жағдайда қалған жергілікті билік тарихта бірінші рет орман өртін ауыздықтауға 3 мың әскери қызметшіні жұмылдырмақ.

Бүгін Австралияда нөсер жауды. Елдің шығыс жағалауынан басталып, Сидней мен Мельбурнға дейін, Жаңа Оңтүстік Уэльстің кейбір аймақтарын қамтыды. Бірақ өткен жексенбіде ВВС елде бейсенбіге қарай күн тағы ысуы мүмкін екені туралы ақпарат таратқаны есте.


Австралиядағы апат әлемді алаңдатты. Әлеуметтік желіде танымал тұлғалар арнайы пост жариялап, қолдан келер көмекті көрсетуге даяр екендерін білдірді. Мәселен, ресейлік теннисші Мария Шарапова Twitter желісінде осы елге көмек ретінде 25 мың АҚШ долларын аударатынын жазды. Әріптесінің бастамасын Новак Джокович те қолдады.

Хабар 24 телеарнасы