445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Олимпиаданы көрерменсіз өткізуге болмайды – ХОК

  • 101
  • UPD: 23:56, 13.03.2020

Солтүстік Американың ұлттық баскетбол қауымдастығы ойын маусымын белгісіз уақытқа тоқтатты. Өйткені «Юта Джаз» клубының ойыншылары коронавирус жұқтырған. Соңғы апқарат бойынша осы клубтың баскетболшысы Эмануэль Мудиайдың тапсырған тесті оң нәтиже көрсетті. Спортшының денсаулығы үшін алаңдауы бекер емес. Өйткені осының алдында оны командаласы танымал баскетболшы Руди Гобер де індетке шалдыққан болатын. Соңғы екі апта ішінде осы «Юта Джаз» клубы АҚШ-тың бірнеше қаласында ойын өткізіп үлгерген. Қазір ойыншылардың бір бөлігі карантинде. Әлеуметтік желіде вирус жұқтырған Руди Гобердің бірнеше күн бұрынғы қылығы қызу талқыланып жатыр. Сақтық шарасы ретінде ұйымдастырушылар баспасөз мәслихаты кезінде тілшілер мен баскетболшыларға қауіпсіз арақашықтықты сақтауға нұсқау берген. Алайда вирус жұқтырғанын білмеген Гобер мұны күлкі қылып, алдында тұрған барлық микрофонды қолымен ұстап шыққан болатын.

Ұлттық хоккей лигасының басшылығы да 20019/2020 маусымын уақытша тоқтату шешімін қабылдады. Соңғы матчтар 12 наурызда ойнатылған еді. Енді ойындардың қашан қайта жалғасатыны әзірге белгісіз.  

Мақсатымыз - қолайлы уақытта ойындарды қайта жалғыстыру. Маусымды аяқтап, жеңімпаздарға Стэнли кубогін тапсырамыз деп отырмыз. 

Коронавирус Формула-1 автожарысына да кесірін тигізді. Сайыстың 2020 жылғы маусымының алғашқы кезеңі өтпейтін болды. Шара 13 наурызда Австралияда басталуы тиіс еді. Алайда «Макларен» командасының автошабандоздарының бірінің вирусты жұқтырғаны анықталды. Мұны естіген өзге спортшылар автожарысқа қатысудан бас тартқан. Ұйымдастырушылар отырыс өткізіп, шараны өткізбеген жөн деген қорытындыға келді. Қазір 2020 жылғы маусым жарыстарын басқа уақытқа белгілеу жағы қарастырылып жатыр. 

Чейз Кэри, Формула-1 автожарысының атқарушы директоры:

- Жағдай күн сайын өзгеріп жатыр. Әлемде болып жатқан соңғы оқиғаларды ескере отырып, алда не боларын дөп басып айту мүмкін емес. Барлығын жарыс қашан жалғасады деген сауал мазалап отыр. Алайда бұл сұраққа нақты жауап әлі айта алмаймыз. 

Футбол жанкүйерлері үшін де көңіл көншітпейтін жаңалық. Чемпиондар Лигасы мен Еуропа лигасының келесі аптаға жоспарланған бүкіл ойындары кейінге шегерілді. Оған Кәрі құрлықта коронавирустың тез таралуы себеп. Енді УЕФА өкілдері 17 наурызда бейнеконференция өткізу керек. Оған 55 елдің өкілдері қатыспақ. Сол бейнеконференция қорытындысы бойынша ойындардың тағдыры шешілмек. Жалпы, қазір Италиядағы чемпионаттар толығымен тоқтатылды. Испанияның Ла Лигасы кейінге шегерілген. Ал, Германия мен Франциядағы ойындар көрермендерсіз өтуде.  

Туриндік «Ювентус» клубының қорғаушысы Даниеле Руганидің коронавирусты жұқтырғаны белгілі болды. Бүкіл команда қазір карантинге жіберілді. Лондондық «Арсеналдың» бас бапкері Микель Артетаның да індетке шалдыққаны анықталды. Сондықтан команданың онымен байланыста болған негізгі құрамы мен клуб қызметкерлері екі апта бойы оқшауланады. Ағылшындық тағы бір клуб «Челси» де карантинге жіберілді. Өйткені ойыншылардың бірі коронавирусты жұқтырған.     

«Каллум Хадсон-Одои ауруы суық тию белгілеріне ұқсас болған. Бірақ сараптама нәтижесі оның коронавирусты жұқтырғанын көрсетті. Соған қарамастан Каллум өзін жақсы сезінеді. Алдағы уақытта жаттығуларға оралуға ниетті». 

Жалпы қауіпті вирусты жұқтырғандар қатарында спортшылардан бөлек танымал жұлдыздар мен саясткерлер де бар. Мәселен, америкалық актер Том Хэнкс пен оның жары Рита Уилсон індетке шалдыққан. Ерлі-зайыптылар Австралияда жүргенде өздерін нашар сезінген. Тексеру оң нәтиже көрсеткен. Канада премьер-министрі Джастин Трюдоның әйелі де коронавирус жұқтырған. Енді ерлі-зайыптылар екі апта карантинде болады. Індетке шалдыққандар қатарында Иранның рухани басшысы аятолла Әли ХаменеИдің жақын кеңесшісі, Филиппиннің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің қызметкері, Испанияның аумақтық саясат министрі, Испанияның вице-премьері мен Австралияның ішкі істер министрі де бар.

Хабар 24 телеарнасы