443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде карантин сақтамай вирусты өзге адамға жұқтыру қылмысқа жатқызылды

  • 61
  • UPD: 12:18, 27.03.2020

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресейде коронавирустың таралуына қарсы колданған шараларды жоғары бағалады. Ұйым өкілі Мелита Войновичтің пікірінше, Мәскеу мен елдің басқа ірі қалаларының тұрғындары жауапкершілік танытып, қабылданған шараларды ұстанса, қатаң түрдегі карантин қажет болмай қалуы әбден мүмкін. 

Дана Нұржан,тілші:

- Ертеңнен бастап Мәскеуде сауда орталықтары мен дүкендер жабылатын болды. Дәріхана мен бірінші кезекте қажетті тауарларды сататын дүкендер ғана жұмыс істейді. Шаштараз, СПА-орталық, монша мен спорт кешендері, және түнгі клуб пен басқа да ойын-сауық орталықтары да уақытша тоқтайды. Мәскеу мэрі Сергей Собянин басқа қала тұрғындарына осы аптада ел астанасына келмеңіздер деп өтініш жасады. 

БЛИЦ:

- Вирустың таралуын тоқтату үшін көшедегі адамдар санын азайту керек. Бұл шешімді қолдаймын.

- Егер жағдай шиелене түссе, халықты карантинге жабу керек әрине. 

Дана Нұржан, тілші:

- Қолымдағы қағаз - үйдегі карантинде отырған адамдарға таратылатын ескерту. Бұл жерде санитарлық-эпидемиялық шараларды бұзғаны үшін қолданылатын жаза түсіндірілген. Үйден шыққандарға 80 мың рубль немесе алты айда алатын айлық мөлшерінде айыппұл салынады. Одан да қатаң шаралар бар. Үйде отырмай басқа біреуге вирусты жұқтырып, ол адам қайтыс болса, бұл қылмыс деп саналады, ол үшін тіпті бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бекітілген. 

Ресейлік саясаткерлер қазір бұл жазаны қатайту керек деп отыр. Олар карантинді бұзғандар екі миллионға дейін айыппұл төлеп жеті жылға дейін түрмеге қамалуы тиіс дейді.  

Татьяна Кусайко, федерация кеңесінің мүшесі:

- Бұл заң қабылданса,  азаматтар дұрыс шешімге келіп, мемлекет ұсынған шараларды қатаң түрде ұстанады деп сенеміз. 

Мәскеулік мэр Сергей Собянин карантинді бұзғандар бақылауға алынады деп ескертті. Оларды мекен-жай деректері, телефон мен автокөлік номерлері бойынша және де  адамды бет-әлпетінен тану жүйелерінің көмегімен табуға болатынын айтты.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы