419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайда әйел адам коронавирусты киімнен жұқтырған

  • 406
  • UPD: 12:56, 13.05.2020

Қытайда соңғы бір тәулікте коронавирусты 7 адам жұқтырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың біреуі Шанхайда, қалғаны Цзилинь провинциясында тіркелген. Қазір аурханаларда 104 адам емделіп жатыр. Дәрігерлер он науқас ауыр халде жатқанын айтады.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Цзилинь провинциясында коронавирусты 6 адам жұқтырып алған. Тағы бір тұрғын тексеріліп жатыр. Еске сала кетейін, Шулань қаласында вирус кір жуатын орында жұмыс істеген әйелден тараған. Ал ол дертті киімнен жұқтырып алған. Бұл туралы Қытайдың орталық телеарнасы хабарлады. Бірақ жергілікті сарапшылар елде коронавирусты жұқтыру оқиғалары тіркелсе де, эпидемияның екінші толқынының болуы екіталай дейді. Себебі мемлекет дертпен күресте мол тәжірибе жинаған.

У Цзунью, Қытай ауруларды емдеу және бақылау орталығының бас эпидемиологы:

– Мен Қытайда коронавирус эпидемиясының екінші толқыны болады деп ойламаймын. Себебі біз соңғы 3 айда індетпен күрес бойынша мол тәжірибе жинадық. Бұл дерттің кеңінен таралуын болдырмауға көмектесуі тиіс. Қазір кез келген вирусты жұқтыру оқиғасын тез анықтап, аурудың таралуын тоқтатуға мүмкіндігіміз бар. Сондықтан індеттің екінші толқыны болмайды деп ойлаймын.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Соңғы күндері Ухань қаласында да вирусты жұқтыру дерегі тіркелген. Осыған байланысты қала билігі шаһардың барлық тұрғынын, яғни 11 миллион адамды тестен өткізуді қолға алатынын мәлімдеді. Және тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

Хабар 24 телеарнасы