420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Менің телефондағы досым». БҰҰ балалар қоры және украиналық еріктілер ірі жобаны қолға алды

  • 347
  • UPD: 16:22, 12.07.2020

Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қоры және украиналық еріктілер қызметі пандемия кезінде «Менің телефондағы досым» деген ірі жобаны жүзеге асыра бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат – үйде жалғыз қалған қарт және мүгедек жандарға телефон арқылы демеу көрсету. Әлеуметтік маңызы бар іс шараға қатысуға 600-ден астам ерікті ықылас білдірген.

Украинада зейнет жасындағы 740 000 қарт адам жалғыз өмір сүріп жатыр деген ресми мәлімет бар. Оның 25 мыңы қарттар үйінде. Ең өкініштісі, мемлекет бойынша қарт жандардың 46 пайызы әлеуметтік сауалнама кезінде «үнемі өзімді жалғыз сезінемін» деп жауап берген. Әсіресе, коронавирусқа байланысты карантин кезінде қатаң оқшаулауға мәжбүр зейнеткерлер қиын жағдайға тап болады. Сондықтан Украинадағы еріктілер қызметі Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қорымен бірігіп «Менің телефондағы досым» жобасын жүзеге асыра бастады.

Анна Бондаренко, Украина волонтерлік қызмет орталығының құрылтайшысы:

– Бір қызығы, еріктілер мен қарт адамдардың телефон барысындағы әңгімесі бізді таңқалдырды. Үйде жалғыз қалған зейнеткерлер көп шағымданатын шығар деп күткенбіз. Керісінше, олар жаңалыққа құмар болып шықты. Телевизордағы ақпараттың анық-қанығын және коронавирусқа қатысты статистиканы білгілері келеді. Маска мен қолғаптың пайдасы мен жалпы әлемдегі пандемияға қатысты жағдайды жиі сұрайды.

Әлеуметтік маңызы бар іс шараға қатысуға 600 ден астам адам ниет білдірген. Еріктілерді дайындау курсы онлайн жүргізіледі және еріктілермен жоба жетекшілері арасында арнайы келісімшарт жасалады. «Менің телефондағы досым» іс шарасы қыркүйек айының аяғына дейін жалғасатын болады. Украина бойынша 5 мыңнан астам ерікті осынау іс шараға қатысады деп күтілуде.

Анна Бондаренко, Украина волонтерлік қызмет орталығының құрылтайшысы:

– Біз үшін «Менің телефондағы досым» жобасы Украинадағы телефон волонтерлігін дамытудың алғашқы сатысы болып саналады. Америка мен Еуропа елдерінде еріктіліктің бұл саласы баяғыдан дамыған. Мәселен, пандемия басталғалы, Ұлыбританияда 250 000 жас адам мұқтаж жандарға қолдау көрсету үшін телефон еріктілері ретінде тіркелген. Тағы бір мысал, Америкада телефон еріктілігі скайп, facetime және басқа да онлайн құралдар арқылы жылдам дамуда.

Коронавирус кезінде жалғызсырап қалған қарт адамдар сенім телефоны арқылы сөйлескенде, жастардан жаңалық естігенде көңіл-күйлері көтеріліп қалады дейді жобаны ұйымдастырушылар. Сондықтан «Менің телефондағы достым» жобасы тағы да екі айға ұзарылмақ. Ал еріктілер және қарт адамдар тарапынан қызығушылық артқан жағдайда, жоба Украинада тұрақты түрде қызмет ететін болады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы