427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ЕО саммитінің бірінші күні нәтижесіз аяқталды

  • 512
  • UPD: 17:29, 18.07.2020

Еурокомиссияның соңғы мәліметтері бойынша 2020 жылы Еуроодақтың Жалпы ішкі өнімі 8,3 процентке кемиді. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең төмен көрсеткіш.

Осыған байланысты одаққа мүше елдердің мемлекет басшылары алғаш рет бетпе-бет кездесті. Еуропа басшылары пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру қоры және ұзақ мерзімді бюджет жөнінде келісімге келуі тиіс. Алайда басқосудың алғашқы күні тараптар ымыраға келе алған жоқ.

Пандемия кезінде өтіп жатқан Еуроодақтың алғашқы саммитінде қатаң қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Барлығы маска тағып, бір жарым метр арақашықты ұстады. Әрине қол алыспай, бір-біріне алыстан сәлем берді. Қатысушылар Еурокеңес ғимаратының ең үлкен бөлмесінде жиналды. Әр ел делегациясының құрамы 16 адамнан тоғызға дейін қысқартылды. Тілшілерді де кіргізген жоқ. Саммитте талқыланатын басты мәселе - 750 миллиард еуро мөлшеріндегі Еуроодақ экономикасын қалпына келтіру қорын құру және бір триллион еуродан асатын жеті жылдық бюджет қабылдау болып отыр. 

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Бәрін дұрыс жасасақ, бұл дағдарысты еңсеріп, одан да шығуымызға болады. Бұған қажетті барлық шаралар ұсынылып отыр. Азаматтарымыздың жұмыс орындары осы жиынға байланысты болғандықтан олар бізден нақты шешім күтіп отыр. Вирус қаупі әлі сейілген жоқ, бүкіл әлемнің назары бізде. 

Ангела Меркель, Германия канцлері:

- Ақпан айынан бері жағдай мүлдем өзгерді. Бірақ әлі де пікір алшақтығымыз бар, сондықтан бұл жолы келісімге келеміз деп нақты айта алмаймын. Әрине бір шешімнің болғанын қалаймын, бірақ шындығын айту керек. Әрбір ел ымыраға дайын болуы тиіс. Германия Еурокеңес басшысы Шарль Мишельмен және Франциямен қол жеткізген келісімдерге сәйкес әрекет етеді. 

Алайда 12 сағатқа жалғасқан күрделі келіссөздер айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Тараптар бірыңғай қордан жәрдем кімге және қалай бөлінетіні туралы ортақ пікірге келе алмады.

Педро Санчес, Испания премьер-министрі:

- Денсаулығына зиян келген әрі пандемияның әлеуметтік те, экономикалық да зардабын тартқан азаматтарымызға жақсы келісім қажет. Біз экономикамызды тұрақтандыратын осы келісімге қол қоюмыз керек деп санаймын. 

Ұстанымы ортақ Нидерланд, Швеция, Дания және Австрия «үнемшіл төрттік» деген атауға ие болды. Олар Испания, Италия және пандемиядан ауыр зардап шеккен өзге елдерге субсидия бөлуге қарсы. Нидерланд басшысы Марк Рюттенің пікірінше, көмекті қаржыны қайтаратындай несие түрінде беру қажет. Бүгін жалғасатын келіссөздер қандай нәтижемен аяқталатыны белгісіз. Күзде індеттің екінші толқыны басталып, жағдай ушығуы мүмкін. Сол себептен Еуропаның болашағы осы шешімге байланысты болмақ.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы