428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада тұрғындарға арналған газ нарығы іске қосылды

  • 165
  • UPD: 18:45, 13.08.2020

Украинада ел тұрғындарына арналған газ нарығы жұмыс істей бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл дегеніміз – мемлекет бұдан былай тұрмыста тұтынатын газдың бағасын реттемейді, керісінше, тұтынушы көгілдір отынды кімнен сатып алатынын өзі шешпек.
Светлана жанұясымен Киевтегі үш бөлмелі пәтерде тұрады. Әсіресе, қыс мезгілінде Украинадағы коммуналдық төлемнің шарықтап шыға келетінін Света жақсы біледі. Сондықтан тұрмыста тұтынатын газдың бағасына қатысты ашық нарық жайлы ақпаратты ол қуана қабылдаған. Бұдан былай, тұрмыста тұтынатын газдың бағасын мемлекет реттемейді, керісінше әр тұрғын газды сатып алу үшін лицензиясы бар 700 компанияның біреуін ғана таңдап алуға құқылы.
Светлана Мкртчян, Киев қалысының тұрғыны:
– Біз тұтынушы ретінде бағасы мен қызметіне қарай өзіміз газды сатып алатын компанияны таңдай аламыз. Не дегенмен бұл нарықтың бір үлкені қаупі бар: қарапайым халық әсіресе болашақ үшін алаңдайды. Ертең-ақ, газ бағасы шарықтап кетпей пе, әсіресе жылыту маусымы басталғанда баға бірден қатты өсіп кетсе, өкініп қалаймыз ба?
Бұған дейін Украина тұрғындарын тұрмыста тұтынатын отынмен мемлекеттік «Нефтегаз» компаниясы қамтамасыз етіп келген. Бір қызығы, ұлттық компания газды тікелей емес делдал фирмалар арқылы ұсынып отырған. Сондықтан тұтынушы отын үшін бір, газ транзиті үшін екі рет шығындалып, төлеп келген. Тамызда ашылған газ нарығы ең алдымен осы олқылықтың орнын толтырмақшы.
Александр Сиренко, мұнай және газ саласының сарапшысы:
– Қазір газ көп. Украинаның газ сақтау қоймаларында 23 млдр текше метрге жуық рекордық көлемдегі көгілдір отын жиналған. Өткен жылы қыс жылы болды, сондықтан тұрғындар тұтынатын газ бағасы артығымен жиналып тұр. Сондықтан тұрғындар үшін аз бағамен газды сатып алудың тамаша мүмкіндігі туып тұр. Олар интернеті бар қарапайым смартфон арқылы арзан газды сатып алу әдісін жылдап үйреніп алғандары жөн.
Тұрғындарға көгілдір отынды сатушы және оны жеткізуші компания газ бағасын өзі қалыптастырып отырады. Бұл баға әлбетте әлемдегі газ құнына да тікелей қатысты құбылмақ. Дәл қазіргі уақытта елде көгілдір отын қоры жеткілікті болғанмен, украиналықтар ашық нарықтың салдарынан газдың бағасы Еуропа елдерімен теңесе ме деп қауіптенеді. Өйткені Украинадағы әлеуметтік төлемдер мен жалақы және жалпы өмір сүру деңгейі Еуропамен әлі де еш салыстыруға келмейді.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы