426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үндістанда жаңа оқу жылы бір айға шегерілді

  • 155
  • UPD: 19:02, 02.09.2020

Үндістанда оқу жылының басталуы кемі бір айға кейінге шегерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білім беру министрлігі мектеп есігі қазанда да жабық болуы мүмкін екенін айтады. Өйткені елде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдемей тұр. Жергілікті билік балаларды қашықтан оқыту дұрыс екенін алға тартады. Алайда кейбір ата-ана оған қарсы. Себебі, компьютер мен смартфондар сатып алуды көбінің қалтасы көтермейді.

Үндістанда білім беру – күрмеуі көп күрделі саланың бірі. Елде негізінен мемлекеттік мектептр көп. Балалар онда тегін оқиды. Алайда білім беру саласының деңгейі көңіл көншітпейді. Оған сыныптағы оқушы санының тым көп болатыны да әсер етеді. Енді әр сыныпта кемі 50 баладан отырса, оқуда қайдан сапа болсын. Ал, мұғалімдердің жалақысы төмен. Ол аздай, ата-аналардың да баласын оқытуға құлшынысы аса байқалмайды. Көбінің пікірінше, балаларға ең алдымен еңбек тәжірибесі қажет. Ал, мектепке қолы бос кезде барып қара тануға болады деген түсінік қалыптасқан.

Рамеш АНанд, балалар психологы:

- Негізі елімізде мектептер көптеп салынып жатыр. Билік баланы мектепке жинауға барынша көмектеседі. Мәселен, форма мен кітаптарды сатып алу үшін жеңілдіктер қарастырылған. Алайда «вирус өршіп тұрғанда ондай шығынның еш қажеті жоқ» деп ойлайтын ата-ана көп. Былайша айтқанда, олар баласының ашқұрсақ жүргенінен гөрі білімсіз болғанын қалайды. Ал, карантин кезінде мектептердің жабылуы оларға тіпті майдай жақты дер едім.

Ұстаздар «оқу жылының басталуы кейінге шегерілгені дұрыс емес» дейді. Бағдарламаны толық меңгеріп үлгермейді ғой. Ең қызығы, оқушылардың 40%-і партаға қайта отырғысы келмейтін көрінеді. Қайта егіс алқаптарында не зауыттағы жұмысында жүре бергісі келеді. Ал билік мектептердің жабылуы вирусты тежеуге бағытталған уақытша шара екенін айтады. Олар білім беру саласы ақсап қалмас үшін қашықтан оқуды қолдайтындарын да жеткізді. Бірақ ол үшін балаларда интернет пен компьютер болу керек. Нанын әрең тауып жүргенде кейбір отбасыда мұндай қаржы қайдан болсын.

Гаган Кумари, мұғалім:

- Эпидемияға дейін білім беру саласын реформалау жоспарланған еді. 3 пен 21 жас аралығындағы баласы бар тұрғындарды табысына қарай білім беру саласына салық төлеуге міндеттеу көзделген. Оның көлемі үлкен емес. Және баласы мектепке барсын-бармасын - салықты бәрі төлеуге міндетті. Сөйтіп, ата-ана амал жоқ, ұл-қызын мектепке жіберуші еді. Алайда бұл реформаны іске асыруға коронавирус тұсау болып отыр.

Үндістанда 150 миллионнан аса бала мектептердің қайта ашылуын күтіп отыр. Алайда, олардың партаға қашан отыратыны белгісіз. Карантин 30 қыркүйекке дейін ұзартылған. Кейін тағы созылуы да ғажап емес. Ал әзірге ірі қалалаларда волонтерлер жұмыс істеп жатыр. Олар кедей аудандарда үйді-үйді аралап, балаларға сол жерде сабақ өткізеді. Дегенмен, бұл бастамаға да қолдау білдіріп жатқандар шамалы. Өйткені волонтерлер келгенде балалардың көбі жұмыста болатын көрінеді.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Алексей Родионов, Дмитрий Лукша, Анастасия Левитан, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы