Германия үкіметі жергілікті екі компанияға коронавирусқа қарсы вакцинаның 40 млн данасына тапсырыс берді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Майнц және Тюбинген қалаларындағы кәсіпорындар екі түрлі вакцина шығарған. Олардың біреуі клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Ол сәтті аяқталса, бұл вакцинамен ең алдымен Германия қамтылады. Үкімет COVID-19 дертіне қарсы вакцинаны шығаруға 750 млн еуро бөлген болатын. Халықтың көбісі асыға күткен бұл дәрі қашан шығатыны әлі белгісіз. Германия денсаулық сақтау министрінің болжамынша, вакцинаны келесі жылдың басында кеңінен қолдана бастайды.
Йенс Шпан, Германия денсаулық сақтау министрі:
– Әркімнің еркі білсін. Қаласа, жасайды, қаламаса, зорлық жоқ. Бірақ біз көздеген мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын. Германия тұрғындарының көбісі екпе ектіруге қарсы емес. Біздің есебімізше «ұжымдық» иммунитетке жету үшін халықтың 55-60%-іне екпе жасау қажет. Мен білсем, азаматтар белсенділігі сол межеге апарады.