427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан экономикасы 8 млрд сом мөлшерінде шығынға ұшырады

  • 102
  • UPD: 18:22, 13.10.2020

Қырғызстандағы саяси тұрақсыздықтың кесірінен ел экономикасы 8 миллиард сом мөлшерінде шығынға ұшырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – 104 миллион доллармен шамалас сома. Осындай мәліметті бизнес-қауымдастықтардың Ұлттық альянсы жариялады. Айта кетер жай, мұнда тек алынбай қалған пайда есептелген. Ал тікелей шығындарын бағаласа, бұл сома артатыны анық.

Алынбай қалған пайда – бұл кәсіпорындар жұмысын тоқтатпағанда табатын ақшасы. Саяси тұрақсыздыққа байланысты жергілікті кәсіпкерлер мен шетел серіктестері бірлескен жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Бизнес-қауымдастықтар Ұлттық альянсының мәліметінше, 210 миллион долларға бағаланған 20-дан аса келісімшарт пен жобаның күші жойылды. Енді осының кесірінен елде жұмыссыздық артып, әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлауы мүмкін.

Анвар Абдраев, банктер одағының президенті:

– Бұл мәселелерді тез арада шешуіміз керек. Бірақ толыққанды жұмыс істеуіміз үшін әрине тыныштық пен қауіпсіздік қажет. Басымыздан өткендіктен, біз де алаңдаймыз. 

Бизнес-қауымдастықтардың Ұлттық альянсы тез арада елде заңдылық орнатуды сұрап отыр. Жүк тасымалы мен қызметкерлерінің еркін қатынауы және кәсіпорындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс. Әсіресе тау-кен саласында инвесторлардың мүлкін заңсыз тартып алу әрекеттерін кесу үшін жедел топтар құруға шақырды.

Нурадил Баясов, инвестицияларды тарту және қорғау агенттігінің директоры міндетін атқарушы:

– Инвестицияларсыз, кәсіпкерлерсіз болашақта ауыр қиындықтарға тап боламыз. Бюджетімізге де зияны келеді. Инвесторлар мен кәсіпкерлер жұмыс орындарын құрады. Ал бұл бүкіл халық үшін пайдалы.

Кәсіпкерлер биліктен меншікті тартып алуға жол бермейтін заңдар қабылдауын сұрап отыр. Бұл – үкімет пен парламент алдында тұрған басты міндет. Жаңадан сайланатын Жогорку Кенеш ең алдымен осы мәселелерді қарастырмақ. Ал Орталық сайлау комиссиясы 6 қарашаға дейін жаңа парламенттік сайлаудың мерзімін белгілеуі тиіс.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы