426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Болашақта қашықтан жұмыс істеу тенденциясы сақтала ма?

  • 264
  • UPD: 14:58, 20.12.2020

Коронавирус әлем тұрғындарын қашықтан жұмыс істеуге үйретті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл бір жағынан цифрландыру процесін тездетті. Мамандардың айтуынша, бұған компаниялар дайын болмады, бірақ олардың басқа амалы да болған жоқ. Болашақта бұл үрдіс сақтала ма?

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Үйді кеңсеге айналдыру, цифрлық бағдарламаларды орнатып, өз үйіңде жұмыс киіммен жүру. Қазір бұл көрініс  әлемдегі миллиондаған адам үшін таңсық емес. Еуроодақта коронавирусқа дейін еңбек адамдарының тек 5,4%-і ғана қашықтан жұмыс істеген. Ал қазір 40%-тен асады. Қызметкерлердің көбі қашықтан жұмыс істеудің жағымды да жағымсыз жақтары барын жасырмайды.

Начо Санчес, ұялы қосымшалар жасайтын компанияның тең құрылтайшысы:

- Шынымды айтсам, кейде қиын болады. Әріптестеріңмен бір офисте отырғанда жай ғана бұрылып, жұмыс жайын пысықтап алатын едік. Ал қазір сөйлесу үшін экранға телміруің керек. Бұл қолайлы деп айта алмаймын.

Серджи Херранц, ұялы қосымшалар жасайтын компанияның қосалқы құрылтайшысы:

- Ең құрығанда екі күнде бір рет кеңсеге барып тұрсақ деймін, себебі үйде күйзеліске түсесің. Десе де, артықшылықтар да жоқ емес, жолға уақыт кетірмейсің, отбасыңның қасында көбірек боласың.

Компаниялар үшін қашықтан жұмыс істеу – ғимарат жалдауға кететін ақшаны үнемдеуге тамаша мүмкіндік. Беатрис – контент-стратег. Ол үйде жұмыс істеу форматы анағұрлым тиімді деп есептейді.

Беатрис Ариас, контент-стратег:

- Кеңсені тастап, қашықтан жұмыс істеуге толық көшуіміз керек пе? Әлде шағын кеңселерге басымдық береміз бе? Енді біз бұрынғыдай 100-150 адам отыратын ғимаратқа ешқашан бармаймыз деп ойлаймын.

Бірақ қашықтан жұмыс істеуге көшу процесі барлық жерде ойдағыдай іске аспай отыр. Қазір компаниялар жұмыс өнімділігі, кеңсені жалдау ақысы және қызметкерлердің жұмыс кестесі бойынша ыңғайлы нұсқаны табуға тырысуда. Тіпті Испания «Қашықтан жұмыс істеу туралы» заң да қабылдады. Сарапшылардың пайымдауынша, коронавирус кеткен күннің өзінде жұмыс істеудің қалыптасып қалған осы түрі сақталатын сияқты. Яғни, қызметкерлер үйде, кеңседе ыңғайына қарай жұмыс істей бермек.

Авторы: Ернат Мелұлы Euronews қолдауымен

Хабар 24 телеарнасы