421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2020 жылы әлемді дүр сілкіндірген ірі апаттар

  • 116
  • UPD: 21:29, 30.12.2020

2020 жыл адамзат есінде мәңгі қалады.

Әлемді жайлаған індетті айтпағанда дүниені дүр сілкіндірген түрлі апаттар қаншама?! Иран генералы Касем Сулейманидің өлімімен басталған оқиға Украина жолаушылар ұшағының апатына ұласты. Қақтығысқа қатысы жоқ жүзден астам бейбіт жан көз жұмды. Жыл ортасында Ливан астанасындағы портта жарылыс болып, жүздеген адамның өмірін жалмады.

2020 жылдың алғашқы ірі апаты Иранда тіркелді. Қаңтардың 8-і күні Ислам Республикасы АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларын зымыранмен атқылайды. Дәл осы мезетте Тегеран түбінде бортында 167 жолаушысы мен 9 экипажы бар Украина ұшағы құлайды. Тегераннан Киевке бет алған лайнердің барлық жолаушысы көз жұмды. Олардың арасында Канада, Ұлыбритания, Германия, Швеция, Ауғанстан азаматтары бар. Иран билігі Boeing-ты әуе күштері атып түсіргенін бірнеше күн өткен соң ғана мойындап, АҚШ-тың әрекетін айыптады. Тергеу жүргізілгенмен, Тегеран апатқа байланысты баяндаманы әлі жарияламады. Қаза тапқандарға да өтемақы төлеу мәселесі шешілмей келеді. 

Цитата: Евгений Енин, Украина сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Иран тарапы апатқа қатысты техникалық баяндаманы әлі берген жоқ. Бұл мемлекет оны жыл соңына дейін жіберуге уәде беріп отыр. Бірақ 2 айдан бері созылып келеді.

Шілде айының соңында Маврикий жағалауында жапондық Вакашио танкері апатқа ұшырады. Кеме жартасқа соғылып, мұхитқа 1 мың тонна мұнай төгілді. Апат экипаждың теңізде жүзу тәртібін өрескел бұзуынан болғаны анықталады. Теңізшілер ұялы байланыс аймағына кіру үшін жағаға тым жақын келген. Компания қыркүйек айында кешірім сұрап, қоршаған ортаны ластағаны үшін 1 миллиард иен қаржы бөлетінін жеткізді. Бірақ мамандар аймаққа келген шығын орасан зор екенін айтады.

Рубен Пилай, саяхат жөніндегі веб-сайт иесі:

- Өкінішке қарай, мұнай Иль-дез-Эгретт аралының маңына төгілген. Ол жерде сирек кездесетін жануарлар, құстар мен жәндіктер мекендейтін қорық бар. Флора мен фаунаны қорғау біздің жабайы табиғат қорына қиын сынақ болып тұр. Бұл жергілікті тұрғындар үшін де қауіп.

Маврикийдегі апаттан кейін Ливан астанасында жантүршігерлік оқиға болды. Тамыздың 4-і күні Бейрут портындағы қойманың бірінде жойқын жарылыс болды.

Апаттан 220 адам қаза тауып, 6 мыңнан аса тұрғын жарақат алды. 300 мыңнан аса адам баспанасыз қалды. Шаһардың тең жартысы қирап, бүлінді. Кемежай кеден қызметі 2014 жылы тәркілеген 3 мың тоннаға жуық аммиак селитрасы атылғанын анықтады. Апаттан мемлекетке 15 миллиард доллар шығын келді. Жақындарынан айырылып, қайғы-қасірет шеккен жан қаншама?!

Шушан Безджян, жергілікті тұрғын:

- Мен ливандық болғаныма ұяламын. Бұл оқиға бізді алаңсыз шаттық өмірден айырды. Қызым мен 4 туысымнан айырылып, қайғы жұттым.

Самиа Дуга, жергілікті тұрғын:

- Жарылыс өміріміздің астан-кестеңін шығарды. Қайғылы оқиғадан кейін 4 ай өтсе де кеше болғандай сезінемін. Қандай азап.

Коронавирус індеті техногендік апатқа жатпағанмен, салдарын тілмен айтып жеткізу қиын. Індет дүниежүзіне тез тарап, барлық ел карантин енгізіп қорғануға мәжбүр. Қауіпті вирусты 82 милионнан астам адам жұқтырып, дерттен 1 миллион 800 мыңнан аса науқас көз жұмды. Бүкіл әлем бірігіп күресіп, вирусқа қарсы вакциналар жасап шығарылып, халықты егу басталды.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Зәуреш Байгелова

Хабар 24 телеарнасы